Без рубрики

“АУТИЗМ БАЛАЛАРДЫ ӨЛТІРУ ҚАЖЕТ” ДЕГЕН БЛОГЕР СЫНҒА ҚАЛДЫ.

Блогер Райхан Жұмамұратова "Аутистер тым көбейіп кетті, оларды емдеу керек. Егер емделмесе, өлтіріп немесе арнайы аутизмге арналған ауруханалар ашу қажет. Аутизмі бар баланың ешқандай сезімі жоқ! Әке-шешесі неге қарамайды? Ата-аналар балаларының диагнозын біле тура, неге ай қарап жүреді?” деп жазған.

Әлеуметтік желілерде танымал блогердің аутизмі бар балалар туралы өлімге шақыратын даулы пікірі тарап, қоғамда қатты резонанс туғызды. Бұл оқиға құқық қорғау органдарын тексеріс бастауға итермеледі. Ата-аналар мен арнайы ұйымдар наразылық білдіріп, министрліктер ресми түсінік жариялады.

Әлеуметтік желідегі даулы жазба қалай тарады?

Ол Алматыда ойын алаңында 13 жастағы жасөспірім 2 жастағы баланы аспанға лақтырып жіберіп, қолы сынғаны туралы жаңалықтың астына пікір қалдырған. Алдын ала болжам бойынша, ол аутист бала болуы мүмкін, бірақ диагнозы ресми түрде расталмаған.

Осы орын алған оқиғаға байланысты блогердің аутизмі бар балаларға қатысты айтқан сөздері әлеуметтік желідегі қарапайым пікір немесе шағын жазба түрінде жарияланған. Алайда көп ұзамай бұл жазба қоғамның назарын аударып, тез тарай бастады.

Желі қолданушылары блогердің сөзіне наразылық танытып, пікірді скриншот жасап, түрлі платформаларда бөлісе бастады. Репосттар саны көбейген сайын, даулы жазба кең ауқымға жетіп, тек ата-аналар мен мамандар ғана емес, бүкіл қоғамның талқысына түсті.

Желіде тараған скриншоттар арқылы бұл мәселе бір ғана пост шеңберінде қалып қоймай, қоғамдық резонанс тудырған ірі дауға айналды.

Қоғамдық ұйымдардың үн қатуы

Даулы пікір желіде тарағаннан кейін азаматтық қоғам белсенділері, ата-аналар және мамандар қатты наразылық білдірді. Әсіресе «Autism Kazakhstan» ұлттық қауымдастығы бұл жағдайды ерекше айыптап, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне ресми түрде шағым жолдады.

Қауымдастықтың мәлімдемесінде мұндай көзқарастар қоғамдағы мүгедектігі бар балаларға деген кемсітуді күшейтіп қана қоймай, олардың өміріне қауіп төндіретіні атап өтілді. Олар блогердің сөзі үшін заң аясында жауапқа тартылуын, сондай-ақ ата-аналар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолдау көрсетуді талап етті.

Азаматтық ұйымдар мен белсенділер бұл оқиғаны жеке бір блогердің пікірі ретінде ғана емес, қоғамда ерекше балаларды қабылдау мен бір-біріне құрметпен қараудың қаншалықты деңгейде екенін көрсетіп берді.

Тергеу барысы

Құқық қорғау органдарының ресми хабарламасында қылмыстық іс қозғалғаны расталды. Полиция блогердің жеке басын анықтап, оны тергеу аясында жауап алуға шақырған. Мамандардың айтуынша, енді оның сөзіне құқықтық баға беріліп, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмақ.

Құқықтық тұрғыдан қандай баптар қолданылуы мүмкін?

Қазақстанның қолданыстағы қылмыстық заңнамасында қоғамда алауыздық тудыруға, белгілі бір топты кемсітуге немесе зорлық-зомбылыққа шақыруға қатаң тыйым салынған. Мұндай әрекеттер үшін Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілік қарастырылады.

Егер тергеу блогердің жазбасын «әлеуметтік немесе әлеуметтік топқа қатысты араздықты қоздыру» деп бағаласа, Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша айыппұл салудан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Сонымен қатар, жазбада айтылған пікірлер зорлық-зомбылыққа шақыру ретінде танылса, Қылмыстық кодекстің 272-бабына (Бұқаралық тәртіпсіздікке шақыру немесе зорлық-зомбылыққа үгіттеу) сәйкес іс қозғалуы ықтимал.

Қандай нақты бап қолданылатыны мен айыптау  тергеу амалдарының нәтижесінде және прокуратура шешімінен кейін белгілі болады.

Заңгерлердің пікірінше, мұндай жағдайлар қоғамға теріс әсер етіп қана қоймай, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқығын қорғау тұрғысынан да аса қауіпті. Сондықтан құқық қорғау органдарының әрекеті тек бір блогерге ғана қатысты емес, жалпы қоғамға берілетін «мұндай көзқарасқа жол жоқ» деген ескерту болмақ.

Аутизм туралы қысқаша деректер

Аутизм спектрлі бұзылыстары (ASD) – бұл балалық шақтан байқалатын нейро-даму ерекшеліктері. Ол адамның қарым-қатынас жасауында, әлеуметтік бейімделуінде, мінез-құлқында және оқуда өзгеше белгілермен көрінеді. Әлемде аутизмге қатысты статистика жыл сайын өсіп келеді. Бұл тек аутизмнің көбейіп жатқанын ғана емес, сонымен қатар диагностика сапасының артуы мен қоғамның ақпараттану деңгейінің жоғарылағанын көрсетеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әрбір 100 баланың шамамен біреуінде аутизм спектрлі бұзылыстары кездеседі. Сондықтан көптеген мемлекеттерде инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру, медициналық және психологиялық көмек көрсету бағытында арнайы бағдарламалар қолға алынған.

Қазақстанда да аутизмі бар балалар мен ересектерге қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінде тұр. Мұндай отбасылар көбінесе қаржылық, медициналық және әлеуметтік тұрғыдан көмекке мұқтаж. Инклюзия саласы дамып келе жатқанымен, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы орталықтар, білікті мамандар мен бейімделген білім беру мекемелері әлі жеткіліксіз.

Сондықтан ең бастысы – қоғамда түсіністік пен қолдау атмосферасын қалыптастыру, аутизмі бар адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл тек медициналық немесе педагогикалық мәселе емес, қоғамның адамгершілік деңгейін көрсететін өлшем болып табылады.

Блогердің парақшасына қатысты шаралар

Даулы пікір жарияланғаннан кейін блогердің әлеуметтік желідегі негізгі парақшасы көп ұзамай жабылды немесе атауы өзгертілді. Алайда, Autism Kazakhstan қауымдастығының мәліметінше, оның басқа аккаунттарында ұқсас мазмұндағы жазбалар әлі де шығып жатқан көрінеді.

Блогер бүгін видеоүндеу жасап, аутист балалардың ата-аналарынан кешірім сұрады.

«Инстаграм желісінде бір видеоны көріп, мен өте ауыр комментарий айтып қойдым. Бірақ мен аутист балалардың ата-аналарының жүрегіне тиеді деген арам оймен айтпадым. Мен ол жерде эмоцияға беріліп, ашумен сондай сөз жазып қойдым. Ауыр айтқаным үшін аутист балалардың ата-аналарынан кешірім сұраймын. Ойланбай айтып қойғаным үшін ренжімеңіздер», – дейді ол. Бұл болған жайтқа сіздің пікіріңіз қандай?

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close