ӘКЕСІН ҚАТЫГЕЗДІКПЕН ҰРҒАН ЕР АДАМ 12 ЖЫЛҒА ДЕЙІН СОТТАЛУЫ МҮМКІН
Түркістан облысында қарт әкесін азаптап, ауыр жарақат салған ер адам 12 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Полицияның мәліметінше, ол қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру салдарынан әкесінің өліміне себеп болған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында оның әйелінің де қартты ұрып-соғуға қатысы бар екені анықталды. Видео жазбадан әйелдің де іс-әрекеті көрінеді. Соған байланысты оған қатысты «Топ болып ұрып-соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша айыптыға 100-ден 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы немесе 50 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
Полицейлердің айтуынша, оқиғаға дейін жәбірленушіден немесе өзге адамдардан арыз түспеген. Осыған байланысты жағдайды жасырын видеоға түсірген көршінің де әрекеті қарастырылуы мүмкін, өйткені ол дер кезінде полицияға хабар бермеген.
Қазіргі таңда істің толық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Қарттың өліміне нақты не себеп болғанын анықтау мақсатында сараптамалар тағайындалған. Қажет болған жағдайда марқұмның денесін қайта қазып алу – яғни эксгумация жасау мәселесі де қаралуы мүмкін. Бұл өлімнің нақты себебін, жарақаттардың сипатын және олардың қашан салынғанын анықтауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, біз бұл оқиға туралы бұған дейін де жазған едік. Қазір тергеу жалғасуда, сондықтан істің мән-жайы мен күдіктілердің нақты жауапкершілігі алдағы уақытта белгілі болмақ.