ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕРДІҢ ДЕ МАСТЫҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ
2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде жүргізушілердің мастығын тексеру ережесіне өзгерістер енгізіледі.

Бұған дейін тек көлік жүргізушілері мен шағын көлік басқарушыларына қатысты қолданылып келген талаптар енді жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілеріне де таралмақ.
Жаңа қаулыға сәйкес, полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мас күйдегі азаматтарды тексеруге құқылы болады. Алайда, жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілері мас болып шыққан жағдайда оларға қандай жаза қолданылатыны әзірге нақты белгіленбеген.
Ал көлік жүргізушілері үшін жаза қатаңдатылған күйде сақталады. Мас күйінде көлік басқарғандар 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Егер жүргізуші мас күйінде жүріп біреуге зиян келтірсе, оған 20 тәулікке қамау және 7 жылға куәліктен айыру жазасы қолданылады. Ал ереже қайталанған жағдайда 25 тәулікке қамау мен 9 жылға жүргізуші куәлігінен айыру қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістердің басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту. Өйткені, соңғы жылдары мас күйде жасалған құқықбұзушылықтар жиілеп кеткен.
Заңгерлердің пікірінше, жаяу жүргіншілер мен мопед жүргізушілеріне қатысты нақты жазаның көрсетілмеуі алдағы уақытта қосымша түсіндірмелерді қажет етеді.