САЙРАМДА «ОТБАСЫ – МЕЙІРІМ МЕКЕНІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТҮСІНДІРУ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
Е. Сарманов атындағы агроэкономикалық колледждің мәжіліс залында «Отбасы – мейірім мекені» тақырыбында, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру кездесуі өтті.

Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев, ауданның бас имамы Арыстан Оспанов, «AMANAT» партиясы Ақсукент ауылдық бастауыш партия ұйымының төрағасы Берік Құдайбергенов, №5 М. Горький атындағы жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кәсіби медиатор Гулизар Надирова және колледж студенттері қатысты.
Кездесуді модерациялаған Базарбай Айтбаев «Адал азамат» және «Салауатты сана» жобалары аясында Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан профилактикалық, тәрбиелік бағыттағы жұмыстар жөнінде кеңінен ақпарат берді. Ол мұндай кездесулердің жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруда және теріс мінез-құлықтың алдын алуда маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған ауданның бас имамы Арыстан Оспанов соңғы жылдары жастар арасында күйзеліс, агрессия, эмоциялық тұрақсыздық және әлеуметтік бейімделудің қиындауы сияқты мәселелердің жиілеп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, әрбір бала – қоғам үшін баға жетпес құндылық. Сондықтан ата-ана, білім беру ұйымдары мен қоғам бірлесе отырып, жастарға мейірім мен жан жылуын сыйлауы қажет. Ерте байқалған қамқорлық пен түсіністік қайғылы жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолы екенін жеткізді. Сондай-ақ ата-аналармен жұмысты жүйелеу және олардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін баса айтты.
Ал кәсіби медиатор Гулизар Надирова медиацияның дауларды реттеудегі бейтарап әрі әділ баламалы әдіс екенін түсіндіріп, оның жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. Ол медиация жастарды өзін құрметтеуге, өзгелерді бағалауға, өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға, мейірімділік танытуға және өз пікірін ашық білдіре отырып, қабылданған шешімдерге жауапты болуға үйрететінін атап өтті.
Кездесуді қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы айтылған ойлар мен ұсыныстар алдағы жұмыстарға нақты бағыт-бағдар беретінін айтып, мұндай мазмұнды кездесулер жастар арасында салауатты сана қалыптастыруға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.



