САЙРАМДА АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНДА «АДАЛ АЗАМАТ» ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес Ақсукент ауылындағы «Ардақты ана» музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің тоқсандық отырысы өтті.

Жиынға аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков модераторлық етті. Отырысқа Сайрам ауданы әкімі міндетін атқарушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының аудандық төрағасы Дүйсебаев Сержан Дауылбайұлы, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық төрағасы Есалиев Мұрат Мырзатайұлы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Садықов Төлеп Құрбанбайұлы, сондай-ақ аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Заң мен Тәртіп» қағидасы және «Адал азамат» жобасын іске асыру барысы жан-жақты талқыланды.
Жиында сөз алған Сержан Дауылбайұлы қазыналы қарттардың жас ұрпақты тәрбиелеудегі орны ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірлік пен еңбек – қоғам дамуының негізгі тірегі. Сонымен қатар «Адал азамат» жобасы аясында еңбек адамын құрметтеуге бағытталған бастамаларды жандандыру бүгінгі күннің өзекті қажеттілігі екенін айтып, Ақсақалдар кеңесінің жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесу барысында Базарбай Мамадиярұлы қатысушыларды этностардың қатысуымен туындауы мүмкін инциденттердің алдын алу кезеңіндегі іс-қимыл тәртібімен, әрекет ету сатыларымен және этномедиаторлар қызметінің алгоритмімен таныстырды. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары этносаралық келісімді нығайтуда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Басқосу сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу, этносаралық бірлікті күшейту, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасты.
Жиын соңында Ақсақалдар кеңесінің мүшелері «Адал азамат» жобасы аясында елдің әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды кеңінен насихаттау және бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейту қажеттігі туралы ортақ шешім қабылдады.



