Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту, автомобиль жолдарының сапасын арттыру және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі өңір басшылығының тұрақты бақылауында.

Осы бағыттағы жұмыстардың барысы, 2025 жылы іске асырылып жатқан жол-құрылыс жобаларының сапасы мен мерзімі Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен кезекті штаб отырысында жан-жақты қаралды.

Штаб отырысына облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері, аудан және қала әкімдіктерінің жауапты мамандары, салалық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты. Күн тәртібінде облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан қайта құру, күрделі және орташа жөндеу нысандары бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, анықталған кемшіліктерді жою жолдары талқыланды. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жауапкершілігі, жол-құрылыс материалдарының сапасы және бақылау тетіктерінің тиімділігіне ерекше назар аударылды.

Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жол саласы стратегиялық маңызы бар бағыт екенін атап өтіп, сапа мәселесіне формалды көзқарасқа жол берілмейтінін қатаң ескертті. Оның айтуынша, жол – экономиканың күретамыры, ал сапасыз салынған жол тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді және бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеледі.

Зұлпыхар Жолдасов жауапты тұлғаларға қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі мерзімінде орындауды тапсырды. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жұмысын жүйелі түрде бақылап, кемшіліктер анықталған жағдайда жедел шара қабылдау қажеттігін баса айтты. Барлық тапсырмалардың уақытында және нақты орындалуы тікелей жауапты басшылардың жеке жауапкершілігінде екені ескертілді.

Штаб отырысында Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Меиржан Джалаиров өңірде атқарылып жатқан жол жөндеу жұмыстарының сапасы туралы баяндама жасады. Оның мәліметінше, 2025 жылы облыс көлемінде автомобиль жолдарын жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды, сондай-ақ елді мекендердегі көше-жол желілерін қамтиды.

Сонымен қатар «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалы облыс аумағындағы жол нысандарына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Аталған филиалдың бөлім басшысы Қайрат Шакиров жол құрылысындағы сапаны бақылау нәтижелері жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінде бірқатар кемшіліктер анықталған. Қазіргі таңда анықталған олқылықтарды жою бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Мониторинг барысында қала және аудан аумақтарындағы жол-құрылыс нысандарынан 1284 жол құрылыс материалының үлгісі іріктеп алынып, зертханалық тексеруден өткізілген. Бұл шаралар жол жамылғысының сапасын арттыруға және ұзақ мерзімді пайдалануға жарамдылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар асфальтбетон шығаратын зауыттардың жұмысына да тұрақты бақылау жүргізілуде. Қазіргі таңда Түркістан облысында 29 асфальтбетон өндіретін зауыт тіркелген, олардың ішінде 5 зауыт түрлі себептерге байланысты уақытша жұмысын тоқтатқан.

Жиында облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы көрсеткіштері де кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық маңызы бар жолдар – 3 983 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым, ал елді мекен көшелерінің ұзындығы 11 305 шақырымға жетеді. Бұл көрсеткіштер өңірдегі жол инфрақұрылымының ауқымдылығын және оны сапалы күйде ұстап тұрудың маңызын айқын көрсетеді.

Штаб отырысында республикалық маңызы бар автожолдардың жағдайы да назардан тыс қалмады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаев өңір аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, Түркістан облысы аумағында республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды.

2025 жылы облыс аумағында жалпы ұзындығы 212,9 шақырымды қамтитын 11 жоба аясында республикалық маңызы бар жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2 нысанда күрделі жөндеу, 9 нысанда орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұл жобалар аяқталғаннан кейін өңірдегі транзиттік және ішкі көлік қатынасының сапасы айтарлықтай жақсарады деп күтілуде.

Жиын соңында Зұлпыхар Жолдасов жол саласындағы барлық жұмыстарды тек жоспар бойынша емес, нақты сапа талаптарына сай орындау қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті. Ол жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының әр кезеңі ашық әрі бақылауда болуы тиіс екенін айтып, кемшіліктерге жол берген мердігерлерге қатаң шара қолданылатынын ескертті.

Жалпы алғанда, штаб отырысы Түркістан облысында жол инфрақұрылымын дамыту мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті. Қатаң бақылау, тұрақты мониторинг және жауапкершілікті күшейту арқылы өңірдегі жолдардың сапасын жаңа деңгейге көтеру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close