Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 10 АЙДА 66 СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан облысында соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамыту мен бұқаралық спортты кеңінен қолжетімді ету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Өңірде халықтың денсаулығын нығайту, жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру басты басымдықтардың біріне айналған. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты сараланып, алдағы кезеңге арналған нақты жоспарлар айқындалды. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне спортты дамыту және инфрақұрылымды жетілдіру бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Облыс басшысы өз сөзінде спорт нысандарына деген нақты қажеттілікті ескере отырып, аудандар мен қалаларда жасалған үш жылға арналған кешенді даму жоспары жүйелі түрде іске асырылуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамыту мен бұқаралық спортты кеңейтуге арналған бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Нұралхан Көшеров спорттың жасөспірімдер мен жастар арасында теріс әдеттердің алдын алудағы рөлі ерекше екенін атап өтіп, осы бағытта кешенді әрі нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ спорт нысандарын салу барысында тек мемлекеттік бюджетке ғана сүйенбей, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерді тартудың маңыздылығына назар аударылды. Бұдан бөлек, облыстағы футбол клубтарын коммерцияландыру жұмыстарын жеделдету қажеттігі де ерекше атап өтілді.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың мәліметінше, бүгінгі таңда Түркістан облысында барлығы 3 540 спорт нысаны тіркелген. Оның ішінде 3 041 нысан, яғни 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қалалардағы спорт нысандарының саны 499-ды немесе жалпы көлемнің 14 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш өңірде ауыл тұрғындары үшін де спортпен айналысуға жағдай жасауға ерекше мән беріліп отырғанын көрсетеді. Қазіргі таңда 1 000 адамға шаққандағы спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 43,5 пайызды құрап отыр.

Спорт инфрақұрылымын одан әрі жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі болып белгіленген. Ал биыл пайдалануға берілуі тиіс 102 спорт нысанының 66-сы халық игілігіне беріліп үлгерді. Бұл көрсеткіш Түркістан облысында спорт нысандарының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді. Сонымен қатар спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026–2028 жылдарға арналған жоспарына сәйкес, алдағы үш жылда бюджет есебінен 55 жаңа спорт нысанын салу көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, 2025 жылы өңірдегі спорт ғимараттарын жөндеуге де қомақты қаражат бөлінді. Атап айтқанда, 16 спорт нысанына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде 14 нысанда ағымдағы жөндеу, 2 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 15 спорт нысанындағы жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, бір нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі ретінде белгіленді. Бұл жұмыстар спорт нысандарының сапасын арттырып, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Спорт инфрақұрылымының дамуы бұқаралық спорттың көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізіп отыр. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындардың саны 911 мыңнан асып, облыс халқының 42,4 пайызын құрады. Бұл – өңірдегі әрбір екінші тұрғынға жуығы спортпен жүйелі түрде айналысады деген сөз. Ал 3 пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында спортпен шұғылданатындардың саны 264 мыңға жетіп, бұл көрсеткіш 32,9 пайызды құрап отыр.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс та бұқаралық спортты дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. 2025 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелер ұйымдастырылып, онда 24 480 бала тұрақты түрде спортпен айналысуда. Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуге, олардың денсаулығын нығайтуға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаттары енгізілді. Соның нәтижесінде ай сайын шамамен 1 000-ға жуық қала тұрғыны осы мүмкіндікті пайдаланып, спортпен шұғылдануда. Бұл тәжірибе халық арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді тетігіне айналып отыр.

Бұқаралық спортты кеңінен дамыту мақсатында биыл облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізілді. Оған 273 мыңнан астам адам қатысып, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға артты. Облыста халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің спорттық әлеуетін арттырып, жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беруде.

Көрсетілген жүйелі қолдаудың нәтижесінде Түркістан облысының спортшылары да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 2025 жылдың 9 айында облыс спортшылары әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында барлығы 1 248 медаль жеңіп алды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға жоғары көрсеткіш. Аталған жетістіктер өңірде спортты дамытуға бағытталған саясаттың тиімділігін айқын көрсетеді.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту, бұқаралық спортты кеңейту және кәсіби спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады. Жаңа спорт нысандарының салынуы, қолданыстағы ғимараттардың жаңартылуы және спорттық іс-шаралардың көбеюі өңір тұрғындарының өмір сапасын арттырып, салауатты қоғам қалыптастыруға негіз болмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close