Без рубрики

ТҮРКІСТАН: НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСІП, ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Түркістан облысында инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру және өңір экономикасын әртараптандыру бағытындағы жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Мемлекет басшысының өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі нақты тапсырмалары аясында облыс басшылығы шетелдік және отандық инвесторлармен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға басымдық беруде. Осы бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі ретінде бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторларды қабылдап, жаңа жобаларды іске асыру мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың құрылуы, логистикалық мүмкіндіктердің кеңеюі облысты ірі инвесторлар үшін қолайлы өңірге айналдырып отыр. Нұралхан Көшеров өз сөзінде инвесторлар үшін барлық қажетті жағдай жасау облыс әкімдігінің басты басымдықтарының бірі екенін нақты атап өтті.

– Бүгінде Түркістан облысы – еліміздегі серпінді дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы облыстың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Біздің өңір арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік береді. Бұл – логистика, экспорт және өндіріс салаларын дамыту үшін үлкен артықшылық, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысы сөз барысында Түркістан облысының өнеркәсіптік әлеуетіне де арнайы тоқталды. Қазақстан мақта талшығын экспорттайтын ел ретінде әлемдік нарықта танылғанымен, дайын өнімдер – жіп, мата және киім-кешек өндірісі бойынша импортқа тәуелді екені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Түркістан өңірінде тоқыма және жеңіл өнеркәсіпті дамытуға зор мүмкіндік бар екені атап өтілді. Бұл бағытта жаңа өндіріс орындарын ашу тек экономикалық тиімділік қана емес, сонымен қатар мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Аталған арнайы экономикалық аймақта кәсіпкерлер үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар инвесторлар дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтар мен шағын өнеркәсіптік парктер арқылы өз жобаларын қысқа мерзімде іске асыру мүмкіндігіне ие. Бұл – инвесторлардың уақытын үнемдеп, бастапқы шығындарын азайтуға бағытталған маңызды қолдау тетігі.

Кездесу барысында қос тарап ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және инвестициялық бастамаларды нақтылау мәселелерін жан-жақты талқылады. Келіссөздер нәтижесінде тараптар алдағы уақытта жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға ниетті екенін білдірді. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Түркістан облысында жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылып, өңір экономикасына қосымша серпін бермек.

Айта кету керек, Түркістан облысында инвестициялық климатты жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар нақты нәтижесін беріп отыр. Биыл облысқа негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін 1 трлн 427,1 млрд теңгеге жеткізу міндеті қойылған. 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн 12,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,9 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар 2025 жылға тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша 475 млн АҚШ доллары көлемінде индикатор бекітілген болатын. Алайда жылдың II тоқсанының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 543,5 млн АҚШ долларына жетіп, жылдық жоспар артығымен орындалды. Бұл – облыс әкімдігі тарапынан жүргізілген жүйелі келіссөздер мен нақты инвестициялық ұсыныстардың нәтижесі.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында инвестиция тарту саясаты ұзақ мерзімді даму стратегиясына негізделген. Инвесторлармен жүргізіліп жатқан келіссөздер өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік қуатты арттыруға, экспорттық әлеуетті кеңейтуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Алдағы уақытта да облыс басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, Түркістанды еліміздегі ең тартымды инвестициялық өңірлердің біріне айналдыруды мақсат етіп отыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close