Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ МЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІНІҢ ЖАЛПЫ КӨЛЕМІ 2,5 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді.

Өңір экономикасының басты тіректері саналатын инвестиция тарту, өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы салалары қазіргі таңда облыстың ғана емес, жалпы республикалық деңгейдегі экономикалық өсімге елеулі үлес қосып отыр. Осы бағыттардағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар Түркістан облысы әкімі аппаратының кезекті апталық мәжілісінде жан-жақты талқыланды. Жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларының есептерін тыңдап, инвестиция тарту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс басшысы мәжіліс барысында Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтитын, экономикалық тұрғыдан дербес өңірге айналдыру басты стратегиялық мақсат екенін атап өтті. Бұл міндетті орындау үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаттылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыру қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар инвестиция тарту жұмыстары тек сандық көрсеткішке емес, оның сапасына, экономикалық қайтарымына және тұрақты жұмыс орындарын құруына бағытталуы тиіс екені қатаң ескертілді. Белгіленген индикаторларды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатыны да ашық айтылды.

Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов баяндама жасап, өңірде инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың 24–25 қарашасы аралығында Түркістан қаласында өткен «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық инвестиция және туризм форумы өңір экономикасына серпін берген маңызды алаңға айналды. Аталған форумға шетелден 153 компания өкілдері қатысып, жалпы саны 300-ден астам делегат бас қосты. Бұл Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне халықаралық деңгейде қызығушылықтың артқанын айқын көрсетеді.

Халықаралық форум аясында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі меморандумға қол қойылды. Бұл келісімдер өңірде бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр. Атап айтқанда, мақта кластерін қалыптастыру, металды терең өңдеу кәсіпорындарын ашу, жаңа индустриалды аймақтар құру, қағаз өндірісін жолға қою, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секілді бағыттар қамтылған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда Түркістан облысының өндірістік құрылымы айтарлықтай өзгеріп, өңірдің экспорттық әлеуеті арта түспек.

Инвестиция тарту жұмыстары тек облыс деңгейінде ғана емес, аудан және қала әкімдіктері тарапынан да белсенді жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері шетелдік және отандық инвесторлармен бірқатар меморандумдарға қол қойылып, нақты жобалар бойынша келіссөздер жүргізілген. Нәтижесінде 2025 жылдың басынан бері облыс экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім көрсеткіші 123 пайызды құрады. Бұл – Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш.

Жиында ауыл шаруашылығы саласының даму барысы да кеңінен қаралды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бекітілген жол картасы аясында 2025 жылға арналған 10 негізгі индикаторлық көрсеткіш айқындалған. 11 айдың қорытындысы бойынша осы көрсеткіштердің 7-еуі толық орындалған.

Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 140 пайызға, ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту 143 пайызға, егіс алқаптарына минералды тыңайтқыштар енгізу 120 пайызға орындалған. Сонымен қатар жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу, сүт фермаларын құру, жұмыртқа бағытындағы құс фермаларын ашу жоспарлары толық жүзеге асырылған. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығы саласында жүйелі әрі нақты жұмыстар атқарылып жатқанын көрсетеді.

Түркістан облысы бүгінде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі бойынша республикада алғашқы орында тұр. Өңірдің үлесі – 13 пайыз. 11 айдың қорытындысымен облыста 1 трлн 154 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өсім 101,2 пайызды құрады. Жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткішті 1 трлн 254 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуеті әлі де жоғары екенін және оны тиімді пайдалануға толық мүмкіндік бар екенін аңғартады.

Инвестиция мен ауыл шаруашылығы саласындағы бұл көрсеткіштерді біріктіре есептегенде, Түркістан облысында өндірілген өнім мен тартылған инвестицияның жалпы көлемі 2,5 трлн теңгеден асып отыр. Мұндай ауқымды көрсеткіш өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын және алдағы жылдары да тұрақты өсім сақталатынын көрсетеді. Инвестициялық жобалардың іске асуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың табысының артуына және әлеуметтік жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етпек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close