Без рубрики
АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ЕКІ ҚЫЗ БАЛА КӨЛІКПЕН БІРГЕ СУҒА БАТЫП ҚАЗА ТАПТЫ
Ақмола облысында екі баланың өмірін қиған қайғылы оқиға болды. Алдын ала мәліметке сәйкес, 11 шілде күні отбасы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су айдынының жағасында демалған.

Суға шомылып шыққаннан кейін 8 және 12 жастағы әпкелі-сіңлі қыздар киім ауыстыру үшін жағалауда тұрған көлікке отырған. Осы сәтте көлік күтпеген жерден қозғалып, суға қарай сырғып кеткен. Арада аз уақыт өткенде автокөлік толықтай суға батып қалған.
Қыздардың әкесі балаларын құтқаруға әрекет жасағанымен, көліктің есігін аша алмаған, сондай-ақ терезесін де сындыра алмаған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар суға батқан көліктен екі қыздың мәйітін алып шықты.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құзырлы органдар тиісті тергеу амалдарын бастаған.



