ШОЛАҚҚОРҒАНДА ҚАШҚЫНБАЙ КЕНЖЕХАНҰЛЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ӨТУДЕ
Созақ ауданында спорт саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың есімін ұлықтау және олардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытындағы игі бастамалар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Өңір спортының қалыптасуына еңбек сіңірген ардақты азаматтардың өмір жолы мен атқарған қызметі жас буынға үлгі болып, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруда ерекше маңызға ие. Осындай тағылымы мол шаралардың бірі – қазақ спортының дамуына елеулі үлес қосқан білікті жаттықтырушы, ұлағатты ұстаз Қашқынбай Кенжеханұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы ашық күрес турнирі.
Шолаққорған ауылындағы спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылған дәстүрлі жарыстың биылғы маңызы ерекше. Себебі бұл жолғы турнир Қазақстан Республикасының дене тәрбиесі мен спортына сіңірген еңбегі үшін Құрмет белгісінің иегері Қашқынбай Кенжеханұлының туғанына 80 жыл толуына орай өткізілуде. Спорт саласында өшпес із қалдырған ұстаздың есімін ұлықтауға арналған шараға спорт ардагерлері, шәкірттері, аудан тұрғындары мен жас спортшылар қатысып, оның өнегелі өмір жолына тағзым етті.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас балуандарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бүгінгі таңда аудан басшылығы тарапынан спорт саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Ауданда жаңа спорт нысандарының бой көтеруі, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының нығаюы және жастарға қолайлы жағдайлардың жасалуы – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудегі маңызды қадам екенін жеткізді. Сонымен қатар мұндай дәстүрлі турнирлер жасөспірімдерді еңбекқорлыққа, тәртіпке және жеңіске деген ұмтылысқа тәрбиелейтінін айтты.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауданның Құрметті азаматы және спорт ардагерлері Анарбай Шәдібеков пен Жетілген Сармантаев сөз алып, Қашқынбай Кенжеханұлының ел спортына қосқан зор үлесі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Олар ардақты бапкердің спортшыларды тәрбиелеудегі талапшылдығы, жастарға деген қамқорлығы және туған ауданның спорт саласын дамыту жолындағы қажырлы еңбегі жайында айтып, оның есімі мен жасаған игі істері әрдайым халық жадында сақталатынын атап өтті.
Ардақты ұстаздың жақын туысы Сейдахмет Сиқымбаев ұйымдастырушыларға және турнирдің өтуіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Ол Қашқынбай Кенжеханұлының саналы ғұмырын спорт пен жас ұрпақты тәрбиелеуге арнағанын айтып, осындай жарыстар арқылы ұлағатты ұстаздың еңбегі кейінгі буынға насихатталып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар мұндай турнирлердің жас спортшыларды үлкен мақсаттарға жетелеп, олардың бойында патриоттық рух пен спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыратынын айтты.
Биылғы ашық турнирге Түркістан облысының әр өңірінен келген 10 команда құрамындағы 160 жас спортшы қатысып, боз кілемде өзара бақ сынауда. Жарыс барысында жас балуандар өздерінің техникалық шеберлігін, күш-қайратын және жеңіске деген жігерін көрсетуде. Осындай ауқымды жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына, өз қабілеттерін шыңдауына және болашақтағы үлкен додаларға дайындалуына зор мүмкіндік береді.
Қашқынбай Кенжеханұлының есімін ұлықтайтын бұл дәстүрлі турнирдің тарихы тереңде жатыр. Аталған жарыс 1996 жылдан бері аудан әкімдігі мен ардақты ұстаздың шәкірттерінің қолдауымен тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Жыл сайын өткізілетін турнир спорт саласының ардагерлері мен жас буын арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе сабақтастығын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Бүгінде бұл жарыс Созақ ауданындағы ең беделді спорттық шаралардың біріне айналған.
Қашқынбай Кенжеханұлы 1946 жылдың 15 мамырында қасиетті Қаратаудың баурайындағы Жартытөбе ауылында дүниеге келген. Ол өз өмірін спорт саласына арнап, Созақ өңірінде дене тәрбиесі мен спорттың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. 1970 жылы Созақ ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуына бастамашы болып, аудан спортының берік негізін қалаған азаматтардың қатарынан орын алды. Сол жылы облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен жаңадан құрылған аудандық спорт мектебінің алғашқы директоры болып тағайындалып, жас спортшыларды тәрбиелеу ісіне бар күш-жігерін жұмсады.



