ТҮРКІСТАНДА ҚУАТЫ 1000 МВТ БУ-ГАЗ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Түркістан облысы Сайрам ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасымен бу- газ станциясы салынып жатыр.

Бұл станция ұлттық электр желісінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Құрылысы 1000 МВт болатын бу-газ станциясы Қазақстан мен Кореяның бірлескен жобасы. Сонымен қатар Түркістандағы ең ауқымды энергетикалық жобалардың бірі. Бу-газ бекетінің құрылыс жұмысы 2026 жылдың аяғына бітеді деп жоспарланып отыр.
Жақында осы бекетті өз көзімен көріп, жұмыс барысымен танысу үшін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен аудан әкімі Мадияр Оразалив Сайрам ауданының Қарамұрат ауылына келді.
Жалпы бұл стансасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба аясында 4 газ турбинасы, 4 кәдеге жарату қазандығы және 2 бу турбинасы орнатылады деп жоспарланған.
Стансада пайдаланылатын бу-газ технологиясы газ турбиналарынан шыққан жылуды қайта пайдалану арқылы қосымша электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл – тиімділігі жоғары әрі қоршаған ортаға әсері төмен заманауи энергетикалық шешімдердің бірі. Сонымен қатар станса электр желісінде қуат тапшылығы туындаған жағдайда қажетті көлемді қысқа мерзімде толықтыра алады.
Қазіргі уақытта негізгі нысандардың іргетастары толық дайын. Бас ғимаратта Siemens Energy компаниясының генераторларымен жабдықталған төрт газ турбинасы орнатылған. Сондай-ақ металл конструкциялар құрастырылып, ғимараттардың қаңқалары тұрғызылды. Енді қабырғаларды қаптау және өзге де құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр стансасына қажетті негізгі технологиялық жабдықтарыдың барлығы толығымен жеткізілген.
Жобаны жүзеге асыру үшін қазақстандық және оңтүстік кореялық компаниялардан құралған мамандар бірігіп жұмыс істеуде. Құрылыс алаңында мыңнан астам жұмысшы мен 150-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Станса іске қосылғаннан кейін 600-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Бүгінде Түркістан облысында электр энергиясын тұтынудың орташа көлемі 445 МВт болса, өңірдің ішкі генерациясы небәрі 136,5 МВт-ты құрайды. Сондықтан жаңа станса іске қосылған соң өңірдегі электр қуатының тапшылығы толықтай жойылып, ең жоғары жүктеме кезеңдерінде энергия жүйесінің сенімділігі артпақ.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда өткен жылы 123,1 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндірілген. Ал биыл жаңа энергетикалық жобалар арқылы 1980 МВт жаңа генерацияны іске қосу және қолданыстағы қуаттарды жаңғырту нәтижесінде қосымша 683 МВт қуат енгізу жоспарланып отыр.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлыпхар Жолдасов пен аудан әкімі Мадияр Оразалив бұл жобадан үлкен үміт күтетінін айтып, мердігерлерге сәттілік тіледі.



