Без рубрики

АҚБАСТАУ АУЫЛЫНДА ЗАМАНАУИ БАЛАЛАР ОЙЫН АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылына арнайы барып, салынып жатқан балалар ойын алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Жұмыс барысын көзбен көріп, мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесу барысында нысанның сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі басты талап екенін атап өтті.

Жаңа ойын алаңының жалпы аумағы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында балаларға арналған заманауи ойын құрылғылары, түрлі жастағы бүлдіршіндердің қызығушылығына сай әткеншектер, сырғанақтар салынады. Сонымен қатар, өрмелеу кешендері, демалыс орындықтары және қауіпсіз резеңке жабыны  төселеді. Сондай-ақ, тұрғындардың сұранысын ескере отырып, шағын футбол алаңы салынады. Бұл ауыл жастарының спортпен тұрақты түрде айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Ауыл тұрғындары үшін мұндай  ойын алаңының маңызы зор.  Себебі ойын алаңшасы балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтып, белсенділігін арттырады. Сонымен бірге, ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын болады

Аудан  әкімі нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарына ерекше мән берді. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының сапасына да назар аударды. Балалардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы керектігі қатаң ескертіп, мердігер компанияларға ойын құрылғыларының халықаралық стандарттарға  сай болуын қадағалауын тапсырды.

Сондай-ақ мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс кестесінен кешікпеу, жұмыстарды сапалы орындау және анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзету қажеттігі айтылды. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін оның ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етуі үшін әрбір жұмыстың жауапкершілікпен атқарылуы маңызды екені жеткізілді.

Жоба аясында ойын алаңының айналасы толық абаттандырылады. Аумаққа жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынып, көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Демалыс орындықтары мен қоқыс жәшіктері қойылып, тұрғындардың жайлы демалуына қолайлы жағдай жасалады. Мұндай кешенді жұмыстар ауылдың көркін арттырып қана қоймай, қоғамдық кеңістіктің мәдениетін қалыптастыруға да оң әсер етеді.

Қазіргі таңда елімізде халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе ауылдық елді мекендерде балаларға арналған ойын және спорт алаңдарын көбейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Әкім сапарын қортындылай келе жауапты мамандар мен мердігер ұйымдарға жұмыстың берілген уақытта біту керектігін тағы да ескертіп айтты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close