САЙРАМДА ДӘСТҮРЛІ LLF САЙРАМ ТУРНИРІ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Сайрам ауданында бұқаралық спортты дамыту, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді

. Осындай рухани әрі спорттық бағытта ұйымдастырылған дәстүрлі « LLF Sayram» футбол турнирі аудан тұрғындары мен футбол жанкүйерлері асыға күтетін спорттық шаралардың біріне айналды.
Бірнеше айға созылған тартысты әрі қызықты ойындардан кейін турнирдің жабылу салтанаты өтіп, үздік командалар марапатталды. Салтанатты шараға аудан басшылығы, спорт саласының өкілдері, командалар мен белсенді жанкүйерлер қатысып, жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.
«LLF Sayram» турнирі – аудан көлеміндегі футболдың дамуына серпін беріп, спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беретін маңызды жарыстардың бірі. Биылғы додаға қатысқан командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, алаңда жеңіске деген жігері мен табандылығын танытты. Әрбір ойын көрермендерге ерекше эмоция сыйлап, футболдың тартымды әрі қызықты спорт түрі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Турнир барысында командалар өзара мықтылықтарын сынап, шеберлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Әр ойыншы алаңда бар күшін салып, өз командасының намысын қорғады. Ал жанкүйерлер болса, сүйікті командаларына қолдау көрсетіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.
Бірнеше айға жалғасқан бәсекелі ойындардың қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды. Турнир нәтижесінде І орынды «Ақбұлақ» командасы иеленіп, чемпион атанды. ІІ орын «Нұр-Қарабұлақ» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Варшава» командасы қанжығасына байлады.
Әсіресе, турнирге алғаш рет қатысып, бірден чемпиондық атақты жеңіп алған «Ақбұлақ» командасының жетістігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Бұл – команданың жоғары дайындығының, ұйымшылдығының және футболға деген үлкен қызығушылығының нәтижесі. Алғашқы қатысуда-ақ биік нәтижеге қол жеткізу – команда мүшелері үшін үлкен жетістік әрі алдағы жарыстарға деген сенімді арттыратын маңызды қадам.
Турнирдің жабылу салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға арнайы марапаттар табысталып, үздік ойын көрсеткен спортшыларға құрмет көрсетілді. Мұндай марапаттар спортшылардың еңбегін бағалап қана қоймай, олардың алдағы уақытта да биік жетістіктерге ұмтылуына үлкен мотивация береді.
Сайрам ауданында футбол спортының дамуына ерекше көңіл бөлініп келеді. Осындай жарыстар арқылы жас спортшылар өз қабілеттерін көрсетіп, тәжірибе жинақтайды. Сонымен қатар, аудан жастары үшін спортпен тұрақты айналысуға, бос уақыттарын тиімді өткізуге және жаңа достық байланыстар орнатуға мүмкіндік қалыптасады.
Бұқаралық спортты дамыту – қоғамның денсаулығын нығайтудың және жастар тәрбиесінің маңызды бағыттарының бірі. Футбол секілді командалық спорт түрлері жастарды ұйымшылдыққа, жауапкершілікке, мақсатқа жету жолында табандылық танытуға тәрбиелейді. Сондықтан мұндай турнирлердің әлеуметтік маңызы өте жоғары.
«LLF Sayram» турнирі тек спорттық жарыс қана емес, аудан тұрғындарын біріктіретін, салауатты өмір салтын насихаттайтын және спорттық мәдениетті қалыптастыратын маңызды шараға айналып отыр. Әрбір ойын арқылы жаңа есімдер ашылып, жас таланттардың спорттағы жолына мүмкіндік берілуде.
Турнирге қатысқан барлық командаларға, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ жарысқа қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдіреміз. Осындай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасып, Сайрам ауданында футболдың дамуына, жастардың спортпен белсенді айналысуына және жаңа чемпиондардың қалыптасуына үлкен ықпал ете беретіні сөзсіз.
Спорт – елдің қуаты, жастардың жігері мен қоғамның бірлігін көрсететін маңызды құндылық. Спорт тек адам ағзасына ғана пайдалы емес, оны тұрақты айналысқан адам рухани жағынан дами түседі. Сол себепті өзіңізді жан-жақты дамытыңыз.



