ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ
Түркістан облысы Сайрам ауданында жастар арасында отбасы институтын нығайтуға бағытталған кездесу ұйымдастырылды.

Ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды дәріптеген бұл кездесу жастардың жадында ұзаққа қалатыны анық. Сайрам аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл іс- шара «Отбасылық құндылықтар» атты атаумен өтті. Аталмыш шараға жастар, қоғам белсенділері, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бүгінде отбасы институтын нығайту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында отбасы құндылықтарын сақтау, жастарға сапалы тәрбие беру және ұлттық болмысты дәріптеу мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Сайрам ауданында да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың бойында отбасына деген жауапкершілікті қалыптастыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету мәдениетін дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен рухани құндылықтардың маңызын кеңінен түсіндіру болды. Сонымен қатар бүгінгі қоғамдағы отбасының рөлі, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, өзара сенім мен түсіністіктің маңызы жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға арнайы шақырылған қоғам қайраткері, тіл жанашыры, «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызы және «Айжамал Тәттілері» брендінің негізін қалаушы Айжамал Бауыржанқызы жастармен еркін форматта әңгімелесті. Олар өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, табыстың кілті ең алдымен тәрбие мен еңбекқорлықта екенін атап өтті.
Кездесу барысында спикерлер отбасының тек шағын әлеуметтік орта ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізі екенін ерекше айтты. Саналы, білімді әрі елжанды азаматтың қалыптасуы ең алдымен отбасындағы тәрбиеден басталатыны сөз болды. Осыған байланысты жастарға ұлттық дәстүрді құрметтеу, ата-ананы ардақтау, үлкеннің ақылын тыңдау, кішіге қамқор болу сияқты ізгі қасиеттерді өмірлік ұстанымға айналдыру қажеттігі түсіндірілді.
Жиында ұлттық тәрбие мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін атап өтті. Себебі ұлттық құндылықтарды сақтай отырып тәрбиеленген ұрпақ елдің болашағына жауапкершілікпен қарайтын, өз Отанын сүйетін азамат болып қалыптасады.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қазіргі қоғамдағы отбасы мәселелері, бала тәрбиесі, білім алу, еңбекқорлық, жеке даму және рухани құндылықтар жөнінде пікір алмасты. Қонақтар әр сауалға жан-жақты жауап беріп, өмірден алынған нақты мысалдар арқылы жастарға бағыт-бағдар көрсетті.
Іс-шара барысында қатысушылар отбасының беріктігі – қоғам тұрақтылығының кепілі екенін ерекше атап өтті. Әрбір жас өз отбасына құрметпен қарап, ата-анасының еңбегін бағалап, ұлттық құндылықтарды ұлықтағанда ғана елдің болашағы жарқын болатыны айтылды. Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейту және қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету маңызды екені сөз болды.
Мұндай мазмұнды кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымының қалыптасуына оң әсер етеді. Осыны ескерген Сайрам ауданының өкілдері, алдағы уақытта да осындай шараларды қайта ұйымдстыруға ниетті.



