АТЫРАУДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА: СОТ БЕС БАЛАНЫҢ БОЛАШАҒЫНА ҚАТЫСТЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ
Атырау облысының Жангелді ауылында төрт адамның өмірін қиған ауыр қылмысқа қатысты сот процесінде марқұм отбасының бес баласының тағдырына байланысты жеке қаулы шығарылды.

Сот үкімімен Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Үкімді жариялаған судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, қаза болған отбасының кәмелетке толмаған балаларының алдағы тәрбиесі, тұрмыс жағдайы және құқықтарының қорғалуы тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында болады.
Атап айтқанда, балалардың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету, оларды орналастыру және заңды мүдделерін қорғау мәселелері Атырау облысының білім басқармасына жүктелді.
Сонымен қатар сот Қызылқоға ауданы әкімдігіне Жангелді ауылындағы қаза болған отбасының тұрғын үйіне мұрагерлік құқықты рәсімдеу жөнінде тапсырма берді.
Бұл шешім балалардың мүліктік құқықтарын сақтау және олардың болашақтағы әлеуметтік жағдайын қорғау мақсатында қабылданған.
Сот өкілдерінің мәліметінше, кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделері мемлекет тарапынан бақылауда болады.



