Без рубрики
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА КӘРІЗ ҚҰДЫҒЫНДА 6 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
Павлодар облысының Ақтоғай ауданында қайғылы оқиға орын алып, кәріз құдығында алты адам көз жұмды. Тағы бір азамат ауруханаға жеткізілді.

Оқиға Жоламан ауылындағы «Aqtogai Milk» ЖШС аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдай кәріз құдығындағы электр сорғысының ақауын жою және жөндеу жұмыстары кезінде тіркелген.
Құтқару қызметтері оқиға орнына дереу жетіп, тиісті жұмыстар жүргізді. Алайда алты адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Сонымен қатар, 1988 жылы туған азамат көмірқышқыл газымен улану белгілерімен Ақтоғай аудандық ауруханасына жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауға алып, қажетті медициналық көмек көрсетуде.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.



