Без рубрики

ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫН БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕСІ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ӨКІЛДЕРІМЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде вице-министр Евгений Кочетов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының басшысы Винсент Пикетпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар 23 тамызда өтетін бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауына дайындық барысын, сайлауалды үгіт-насихат науқанын бақылау және сайлау процесін ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Бұл – Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өтетін алғашқы парламенттік сайлау.

Жиында сайлау науқанының ашық, әділ әрі заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету, сондай-ақ ақпараттық сүйемелдеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Вице-министр Евгений Кочетов жаңа Конституция елдің демократиялық даму бағытын жалғастырып, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ ол халықаралық байқаушылар миссияларымен, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-мен өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Винсент Пикет сайлауалды науқанын бақылау мақсатында Қазақстанға 22 ұзақ мерзімді халықаралық байқаушының келгенін хабарлады. Оның айтуынша, миссияның сайлауалды кезеңге арналған алғашқы аралық есебі 7 тамызда жарияланады. Ал қорытынды есеп сайлау аяқталғаннан кейін дайындалады.

Кездесу соңында тараптар Құрылтай сайлауына дайындық және оны өткізу кезеңінде өзара ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін білдірді. Сонымен қатар халықаралық бақылаушылардың қатысуы сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге ықпал ететіні атап өтілді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close