Без рубрики

ТОҚАЕВ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық оқушылармен кездесті.

Салтанатты жиынға халықаралық білім додаларында топ жарған 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты.

Қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндері бойынша өткен беделді халықаралық олимпиадаларда ел намысын қорғап, жүлделі орындарға ие болды.

Олардың қатарында 6 алтын, 11 күміс және 4 қола медаль иегері бар. Жас зияткерлердің бұл жетістігі Қазақстанның білім беру саласындағы әлеуетін халықаралық деңгейде танытып отыр.

Кездесу барысында Президент дарынды оқушыларды айтулы жеңістерімен құттықтап, олардың білім сайыстарында көрсеткен табандылығы мен еңбегін атап өтті.

Мемлекет басшысы жастардың әлемнің үздік оқушыларымен бәсекеге түсіп, халықаралық додаларда Қазақстанның көк туын көкке көтеріп жүргенін айтты.

– Әрқайсыңыз әлемнің ең зияткер оқушыларымен бәсекеге түсіп, беделді білім додаларында топ жардыңыздар. Көк Туымызды биікке көтеріп, еліміздің абырой-беделін арттыруға мол үлес қосып жүрсіздер. Біз сіздерді мақтан тұтамыз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, мұндай жетістіктер жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып, елдегі зияткерлік ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Халықаралық олимпиадаларда жүлде алған оқушылардың еңбегі мен олардың ұстаздарының кәсіби шеберлігі жоғары бағалауға лайық.

Білім додаларында топ жарған жастардың әрбір жеңісі – жеке жетістік қана емес, Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыратын маңызды көрсеткіш. Олардың нәтижесі елдегі білім сапасын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың да жемісін көрсетеді.

Кездесуде оқушылардың ұстаздары мен тәлімгерлерінің еңбегі де ерекше аталып өтті. Себебі халықаралық олимпиадаға дайындық ұзақ уақытты, жүйелі еңбекті және оқушы мен ұстаздың бірлескен ізденісін талап етеді.

Мемлекет басшысы жас жеңімпаздарға алдағы оқуында да биік белестерді бағындырып, өз білімдері мен қабілеттерін ел игілігіне жұмсауына тілектестік білдірді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close