Без рубрики

СУ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖАҺАНДЫҚ КҮН ТӘРТІБІНДЕГІ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін қазіргі әлемдегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетика, әлеуметтік тұрақтылық және экономикалық даму тікелей су ресурстарына байланысты.

Президент жаһандық су ресурстарын басқару жүйесі әлі де толық қалыптаспағанын айтты. Қазіргі таңда су мәселесімен Біріккен Ұлттар Ұйымының ондаған құрылымы айналысқанымен, бұл бағытта кең өкілеттікке ие бірыңғай әмбебап үкіметаралық ұйым жоқ.

Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құрылымның негізгі мақсаты қолданыстағы халықаралық тетіктерді қайталау емес, керісінше, олардың жұмысын өзара үйлестіру, мемлекеттер арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ету және су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған ортақ шешімдер әзірлеу екенін атап өтті.

– Азық-түлік, энергетика және әлеуметтік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуелді. Дегенмен су ресурстарын жаһандық басқару жүйесі әлі толық қалыптаспаған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Халықаралық су ұйымы үкіметтер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, қажетті ресурстарды жұмылдыруға және су мәселесіне қатысты өзара келісілген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстанның бастамасы өңірлік деңгейдегі тетіктермен де толықтырылуы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Су мәселелерін талдау орталығын құру жаһандық бастаманы өңірлік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті.

Президент БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығын құру туралы ұсыныстарды мүше мемлекеттер қолдайтынына сенім білдірді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің ұзақмерзімді әрі орнықты дамуына қажетті әлеуеті жеткілікті екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі жағдайда мемлекеттер үшін ортақ қауіпсіздік, егемендік теңдігі және өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың маңызды негізі ретінде бекіту аса қажет.

– Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіпсіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын халықаралық қатынастардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шанхай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлемдік тәртіпті құруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін. Қазақстан Ұйым аясындағы барлық серіктес мемлекеттермен дәл осы бағытта конструктивті жұмыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін халықаралық ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде атап, бұл саладағы жаһандық және өңірлік тетіктерді жетілдіру қажеттігін жеткізді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close