Без рубрики

VII КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ТАТАРСТАНДА ӨТЕДІ

VII Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2028 жылы Ресейдің Татарстан Республикасында өтеді. Бұл туралы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей тарапынан 2028 жылғы жарысты Татарстанда өткізуге дайын екенін растайтын ресми хат келген.

Садыр Жапаров Ресейдің бұл бастамасын қолдайтынын айтып, Қырғызстанның келесі ойындарды жоғары деңгейде өткізуге дайындық барысында Ресей тарапына жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.

Қазір Қырғызстан астанасы Бішкекте VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатыр. Халықаралық спорттық додаға әлемнің 112 елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысуда. Жарыс бағдарламасына этноспорттың 43 түрі енгізілген.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі 31 тамызда жаңа «Бішкек Арена» стадионында өтті. Ал негізгі жарыстар 2-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында ұйымдастырылады. Бағдарламада ұлттық спорт түрлерімен қатар, көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрін танытатын түрлі іс-шаралар қарастырылған.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда ұйымдастырылған болатын. Кейін халықаралық дода Қырғызстаннан тыс елдерде де өткізіле бастады. 2022 жылы ойындар Түркияда өтсе, 2024 жылы Қазақстан алғаш рет жарысты қабылдап, Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастырды.

Енді көшпенділердің дәстүрлі спорт түрлерін, мәдениеті мен тарихи мұрасын дәріптейтін халықаралық дода 2028 жылы Татарстанда жалғасын табады. Бұл шешім Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының географиясын кеңейтіп, этноспорттың халықаралық деңгейдегі дамуына жаңа мүмкіндік бермек.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close