Қоғам

“АЙДАҺАРДЫҢ АПАНЫ” НЕМЕСЕ АҚМЕШІТ ҮҢГІРІ

Сіз бұл үңгір туралы естігенсіз бе? Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан. Ел арасында бұл үңгірді “Пищера дракона” яғни “айдаһардың апаны” деп те атайды. Ел аузындағы әңгімеге сүйенсек, ертеректе бұл жерді айдаһар паналаған екен.

Рухымыздың жаңғыруы туған жер, туған өлкеден басталатын болса, сол өлкенің тарихын, табиғатын, тарихи тұлғаларын, киелі мекендерін танып-білу — басты мақсатымыз болуы керек. Біздің ауданымыздағы киелі, қасиетті орындардың бірі — Ақмешіт үңгірі. Ерекше бағаланатын тарихи-мұра ескерткіштерінің қатарына енеді.

Үңгір Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе елдімекенінен 5 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ақмешіт үңгірі туралы аңыз әңгімелер өте көп, солардың бірі — Есіркеп Қойгелді батырға байланысты.

Есіркеп батыр қалмақтарға қарсы соғысқа қол жинап, жорыққа шығар алдында ауа-райы өзгеріп, кенеттен нөсер жаңбырдың астында қалады. Нөсер жаңбырдан паналайтын жер іздеп, он мыңнан астам әскер үңгірге кіріп, таңғы намазға жығылады. Үңгір ішіндегі тастар ақ ұлпадай аппақ керемет әсер қалдырады. Содан бері қасиетті орын ұрпақтан-ұрпаққа Ақмешіт деп аталып кетіпті. Үңгірдің қай ғасырда пайда болғаны жөнінде нақты дәлелдер жоқ.

Ақмешіт үңгірі энеолит дәуірінде пайда болған әктастардан тұрады. Үңгірдің ішкі көлемі 1 гектардан аса аумақты алып жатыр. Биіктігі 25-30м, ұзындығы 154м, ені 62-65м. Ішінде тұт, қарағаштар өсіп, төбеден қар, жаңбыр суларының сүзіндісі тамшылап тұрады. Ішкі құрылысы киіз үй формасына ұқсас. Үңгірдің тарихи деректері археологиялық зерттеуді қажет етеді. Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеулер дәйегі үңгір ауасының, ағзаның қан қысымын төмендететінін, сонымен қатар үңгір ішінде 20-30 минут жүрген адамның бойындағы барлық жаман энергиядан тазаратыны белгілі болып отыр.

Үңгірдің іші бұрынырақта бүгінгі күннен де үлкенірек болып, ішінде мына басындағы қатты сөйлеген әңгіме екінші шетіне жетпейтін болған. Бүгінгі күнгі үңгір шөгіп, тастардың құлауынан үңгір іші тарыла бастаған.

Қазіргі таңда, үңгірге келушілер саны жылдан-жылға артуда. Олардың саны 100.0 мыңнан асуда. Негізінен олардың көбі өз отандастарымыз. Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Орта Азия, Европа елдерінен келген туристер де қызығушылығын танытуда Соңғы кезде ауру сырқауына ем іздеп, перзент сұрап келушілердің саны көбеюде. Зиярат етушілердің арасында көп ұзамай құрсақ көтеріп, аналардың ұлды, қызды болуы жөнінде жиі әңгімелер айтылып, аңызға айналуда.

Қазіргі кезде, Ақмешіт үңгіріне дейін тас жол (асфальт) төселген. Көліктер үшін автотұрақ, 2 жерде тікұшақ қону айлағы бар.

Аудан әкімінің 15 қараша 2019 жылғы “Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі” №637 санды қаулысымен “Жасыл саябақтар” КММ-на, “Ақмешіт’’ үңгірі орналасқан аймақтан 5,0 га жер телімі берілген.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Ақмешіт үңгірін Республикалық маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізу үшін арнайы хат жолдаған. Ресми хат Республикалық мәдениет және спорт министрлігінде қаралуда.

Тарихи-мәдени мұра обьектілері, оның ішінде тарих және мәдени ескерткіштері орналасқан жер учаскелері “тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер” деп танылады.

Аумақтағы жерлерді игеру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тарихи мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс.

Ауданда туризимді дамыту үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік соқпақтармен, кемпингтермен, шатырлы киіз үйлермен, қонақ үйлермен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы обьектілерге арнайы ландшафты дизайн жасалып, аудандық жергілікті атқарушы органдармен бекітілді. Аталған аймақтың айқындалуының тәртібі мен жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра обьектілерін қорғау және пайдалану жөнінде уәкілетті орган айқындайды. Жергілікті атқарушы биліктің бекіткен ландшафты дизайнын пайдалану режимін бұзған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, әкімшілік жауаптылыққа алып келеді. Біз өткеніміздің қадір-қасиетін танып, қаcтерлеу арқылы, танымымызды тереңге тарта отырып, білім алғанда ғана тұлға болып қалыптасамыз.

Жамбыл БАЙҒОНОВ,

“Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы”,

өлкетанушы.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close