ДЗЮДОДАН ӨТКЕН АЗИЯ КУБОГІНДЕ ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ
Ақтау қаласында 12-13 қазан күндері дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия Кубогін сарапқа салған дүбірлі дода өз мәресіне жетті.
Татами төрінде тартысқа толы өткен жекпе-жектер нәтижесінде ел намысын қорғаған Түркістан облысының саңлақтары нәтижелі өнер көрсетті.
Қанжығасы майланған спортшылар қатарында 90 келі салмақ дәрежесінде күресіп, барлық қарсыласының жауырынын жерге тигізген, апайтөс балуан Айдар Арапов алтыннан алқа тақты. Ал 52 келіде Нұрбала Зайнул мен 60 келіде күш сынаған Қуаныш Жақсылық қос қоланы облыс қоржынына салды. Сондай-ақ, әйелдер арасында 78 келіде Салтанат Ақметованың да бағы жанып, қолаға қол созды.
Құрлықтық додада шәкірттерінің үздіктер қатарынан көрінуі үшін бапкерлердің де үлесі мол. Осы орайда Марат Файзиев, Данияр Айтимбетов, Олжабай Бейсенбаев, Набиев Мади, Айдос Отарбаев сынды тәжірибелі жаттықтырушылар қажырлы еңбек сіңірді.
Айта кетейік, өңір мерейін үстем еткен спортшылар Түркістан облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірттері. Жүлде салған спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтаймыз!