ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ: ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ МЕН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй құрылыстарының барысын бақылап, бірқатар әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың жай-күйімен танысты.

Алдымен қала басшысы әкімдік тапсырысы аясында салынып жатқан жалпы«Жібек жолы» тұрғын үй кешеніндегі құрылыс жұмыстарын аралады. Аталған кешенде 10 көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде 6 тұрғын үйден сатып алынатын арендалық бағыттағы 512 пәтер пайдалануға берілмек. Ал қалған 4 тұрғын үйдегі 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық кредиттік бағдарлама аясында тұрғындарға ұсынылады.
Құрылыс нысандарын аралау барысында қала әкімі тұрғын үйлердің сапасына ерекше мән беріп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Кездесу барысында анықталған кемшіліктерді жою, құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сай әрі уақытылы аяқтау қажеттігін қатаң ескертті.
Сонымен қатар Әзімбек Пазылбекұлы ипподромға апаратын жол бойындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Аталған аумақта 1500 дана ағаш отырғызылып, су ұңғымасы қазылып, автоматты суару жүйесінің құрылысы жүруде және биіктігі 2 метр болатын қоршаулар орнатылуда.
Аралау барысында қала басшысы денсаулық сақтау нысандарын да аралап, 1 мөлтек ауданында орналасқан №3 қалалық аурухана мен Н. Сандыбаев көшесіндегі №6 отбасылық ауруханасында болды. Алдағы жылға жоспарланған ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша сала мамандарымен кездесіп, халық денсаулығы әрдайым басты назарда болуы тиіс екенін, келушілерге барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы биыл қолға алынған 32 көп қабатты ескі тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту және әрлеу жұмыстарының орындалу барысын да бақылады.
Қала әкімі аталған жұмыстардың жүру қарқыны мен сапасы тікелей бақылауында екенін, барлық жауапты мекемелерге белгіленген жоспарларды сапалы іске асырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.



