«ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАШЫҒЫ» КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында бой көтеріп жатқан әлеуметтік және мәдени нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аралау барысында қыркүйек айында пайдалануға берілетін «Қолөнершілер қалашығы» кешенінің жай-күйіне ерекше назар аударылды.

Жобаның жалпы аумағы 2,3 гектарды құрайды, ал құрылыс жұмыстары 1,5 гектар аумақты қамтып отыр. Туристік және мәдени бағыттағы бұл кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. Мұнда 20 шеберхана, 2 шоурум, көрме залы, мейрамхана, қонақүй және өзге де қажетті инфрақұрылымдар қарастырылған. Сонымен қатар, өңірлік ерекшеліктер мен тұтынушылар сұранысына сәйкес арнайы брендтік каталог әзірленіп, соның негізінде ұлттық кәдесыйлар нарыққа шығарылатын болады.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс нысанын аралау барысында «Қолөнершілер қалашығы» қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, отандық және шетелдік туристер үшін тартымды мәдени орталыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ жауапты сала мамандарына құрылыс сапасын арттыру, мерзімді қатаң сақтау және кешенді мазмұндық тұрғыдан жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұл кешеннің ерекшелігі – қолөнерді тек сауда немесе көрме деңгейінде ғана емес, оқыту, тәжірибе алмасу және мәдениетаралық диалог алаңы ретінде дамытуға мүмкіндік береді. Мұнда жас шеберлер ұлттық өнерді үйреніп, тәжірибелі ұсталармен бірге жұмыс істей алады. Бұл – қазақтың дәстүрлі өнерін заманауи форматта сақтаудың тиімді жолы.
Сонымен бірге, нысанның экономикалық әсері де зор болмақ. «Қолөнершілер қалашығы» ішкі және шетелдік туристерді көптеп тартуға ықпал етіп, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа табыс көзіне айналады. Шеберханаларда жасалған бұйымдар мен брендтік кәдесыйлар өңірлік өнім ретінде әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігіне ие. Ал кешен аумағындағы мейрамхана мен қонақүй келушілер үшін толыққанды сервис ұсынып, туризмнің дамуына серпін береді.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Түркістан қаласына «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің келісімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесі берілді. Бұл мәртебе Түркістанды тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де қолөнер орталығы ретінде мойындатты.
Маңызды мәртебе аясында қыркүйектің 26-28 күндері халықаралық деңгейдегі – «ТҮРКІСТАН – ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАСЫ» фестивалі өтеді деп күтілуде. Бұл фестивальге алыс-жақын шетелдерден қолөнершілер, өнер зерттеушілері мен туристер қатысып, жаңа кешеннің ресми түрде іске қосылуына куә болмақ.
Түркістандағы «Қолөнершілер қалашығы» – дәстүр мен заманауи үрдісті ұштастырып, өңірдің мәдени брендіне айналатын маңызды нысан.