ҚОҚЫС ЖӘНЕ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ – ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ТӨМЕНДІГІ
Бүгінгі таңда қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлемнің көптеген елдерінде өзекті тақырыпқа айналған.

Қазақстанда да бұл тұрғыда үлкен қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Әр күн сайын мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, оның басым бөлігі полигондарға жөнелтіледі. Алайда қайта өңделетін материалдардың көлемі әлі де тым аз. Бұл жағдайдың басты себебі – халықтар арасында экологиялық мәдениеттің жеткілікті деңгейде қалыптаспауы.
Қаңтарда жарияланған мәлімет бойынша, Үкімет 307 млрд теңге сомасына 65 жоба қараған, оның ішінде 41 жоба — қоқыс өңдеуге бағытталған. Бұл жобалар жылына 1,1 млн тонна қалдықты өңдеуге және 4 500-ден астам жұмыс орны ашуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Наурыз айында бұл бастама одан әрі кеңейіп, 67 жоба мақұлданды, жалпы құны 316,9 млрд теңге. Оның 43-і қайта өңдеуге бағытталған жобалар. Бұл қайта өңдеу қуатын арттыруға, құрамында 40 % деңгейіне жеткізуге ықпал етеді.
Сондай-ақ, жоспарланған жобалардың ауқымы да нақтылап айтылды. Қайта өңдеу қуаты 1,1 млн тонна және өңделетін материалдар қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін арттыру мақсатында екені көрсетілді.
Қоқыс мәселесінің ауқымы
Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 4–5 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық пайда болады. Оның тек шамамен 15–18 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі, қалған бөлігі қоқыс полигондарына жиналады. Уақыт өте келе бұл полигондар экологиялық апат аймағына айналып, топырақ пен жер асты суларына зиян тигізеді.
Экологиялық мәдениеттің төмендігі
Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғау жайлы білім емес, ол әр адамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс әдет. Өкінішке қарай, көпшілік тұрғындар қоқысты сұрыптап тастауға әлі де бейімделмеген. Қағаз, пластик, шыны сияқты қайта өңдеуге болатын материалдар жалпы қалдықпен бірге полигонға кетеді. Бұл жағдайдың негізгі себептері – қоқыс сұрыптайтын жәшіктердің жеткіліксіздігі, қоғамды ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарының әлсіздігі және тұрғындардың жеке жауапкершілігінің төмендігі.
Қайта өңдеудің маңызы
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу – экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Мысалы, пластик қайта өңделсе, ол жаңа тұрмыстық заттар мен құрылыс материалдарына айналады. Шыны шексіз қайта өңдеуге жарамды материал болып саналады. Ал қағаз қалдықтарын қайта пайдалану арқылы ормандарды кесу көлемін азайтуға болады.
Егер қоқыс мәдениетін қалыптастырып, қайта өңдеу деңгейін арттырсақ, жаңа жұмыс орындары ашылып, табиғатқа түсетін зиян да азаяды.
Шешу жолдары
Әрбір аулада және қоғамдық орындарда сұрыптау жәшіктерін орнату қажет. Мектептерден бастап халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған акциялар мен сабақтар ұйымдастыру маңызды. Қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға мемлекеттен қолдау беру керек. Қоқыс тастау ережелерін бұзғандарға айыппұл қолдану тәжірибесін күшейту керек. Бұл олардың жауапкелшілігін арттыруға көмектеседі. Еріктілер қозғалысын қолдау, «тазалық күні» сияқты шараларды дәстүрге айналдыру экологиялық мәдениетті нығайтады.
Қорытындылай келе, қоқыс пен қалдықтарды басқару – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру арқылы біз табиғатты қорғап қана қоймай, келер ұрпаққа таза орта қалдырамыз. Әрбіріміз өз тұрмысымызда қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу мәдениетін ұстансақ, еліміздің экологиялық жағдайы әлдеқайда жақсарады.