САЙРАМДА «ОТАН – ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес Ақсукент ауылында орналасқан А. Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінің мәжіліс залында «Отан – отбасынан басталады» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға ақпараттық-насихат тобының мүшелері, сала мамандары мен этнос жастары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойына Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, елге адал қызмет ету, азаматтық жауапкершілік, бірлік пен келісім секілді маңызды құндылықтарды сіңіру болды.
Дөңгелек үстелге «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, аудандық Медиация кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Даванова Сайера Мирзалиевана, Ақсукент ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ештаев Сейдуалы Абдуллаұлы, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абзелова Ұлпан Оралбекқызы және жастар қатысты.
Іс-шара барысында Аманкелді Қабылбеков Ақсақалдар институтының тәрбиелік мәніне тоқталып, ұлттық тәрбие – ұрпақ сабақтастығының негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өнегелі сөз бен бағыт-бағдар беру ата-бабадан қалған асыл аманат болып табылады.
Ал Сейдуалы Ештаев жастардың бастамаларын қолдаудың маңыздылығын айтып, әскери-патриоттық тәрбиенің жас буынның дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі ерекше екенін жеткізді.
Сайера Даванова медиация мәдениетінің қоғамдағы орнына тоқталып, жанжалдың алдын алуда, өзара түсіністік пен сабырлықты қалыптастыруда медиаторлық тәсілдердің тиімділігін атап өтті. Ол жастарды кез келген мәселені келісім арқылы шешуге үйренуге шақырды.
Жиынды қорытындылаған Базарбай Мамадиярұлы мұндай мазмұнды, жаңа форматтағы кездесулер қоғамдағы ішкі тұрақтылықты нығайтуға, жастар арасында салауатты сана қалыптастыруға оң әсер ететінін айтты. Оның сөзінше, отансүйгіштік тәрбие ең алдымен отбасыдан басталып, осындай тағылымды кездесулер арқылы жалғасын табады.



