Без рубрики

САЙРАМДА «ҚАРТЫ БАР ҮЙДІҢ – ҚАЗЫНАСЫ БАР» ТАҚЫРЫБЫНДА МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Қарамұрт ауылындағы «Садық ата» мейрамханасында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті.

Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Сайрам аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі Абдуғаффор Маннановтың бастамасымен және «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының қолдауымен ұйымдастырылды.

Мерекелік жиынның негізгі мақсаты – қарт адамдарға құрмет көрсетіп, оларға қамқорлық таныту, жылы сөз бен шынайы ықылас білдіру, ақсақалдар мен аналардың қоғамдағы орны мен рөлін айқындау болды.

Іс-шараға көршілес Төлеби ауданының Мәдени, Сарқырама ауылдарынан, Шымкент қаласының Шапырашты, Өтеміс және Қарамұрт ауылдарынан билер, көше комитеттерінің төрағалары, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің мүшелері қатысып, бір дастархан басында бас қосты.

Жиын барысында сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың орны ерекше екенін атап өтті. Ол ақсақалдар – өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған, ұрпақ сабақтастығының алтын арқауы екенін айтып, қатысушыларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Сонымен қатар отбасында немере-шөберенің қызығын көріп, ел игілігі үшін ақ баталарын аямай беріп жүре берулеріне тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ Қарамұрт ауылының төбе биі Абдуғаффор Маннанов пен ауыл әкімі Мамуржан Нажиев көрші ауылдардан арнайы келген қадірлі қонақтарға алғыстарын айтып, көрсетілген құрмет үшін ризашылықтарын жеткізді.

Мерекелік шараға 300-ден астам зиялы қауым өкілдері қатысып, оларға арнайы дастархан жайылды. Жиын барысында өнерпаздар тарапынан мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Шара үлкендерге деген сый-құрметтің, ұрпақтар сабақтастығы мен ел ішіндегі ынтымақтың айқын көрінісіне айналды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close