САЙРАМДА «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ТӘРБИЕ ӨЗЕГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
Сайрам ауданында жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту мақсатында мазмұнды мәдени-танымдық іс-шара өтті.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес Анвар Исмаилов атындағы кәсіптік колледжінде «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Ұлттық құндылық – тәрбие өзегі» тақырыбында ұйымдастырылған жиын студент жастарға бағытталған тағылымды кездесу болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың санасына ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардың маңызын терең сіңіру, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру, мәдениет пен әдептілікті күнделікті өмірде берік ұстануға үндеу. Сонымен қатар, көпэтносты қоғам жағдайында қазақ тілінің біріктіруші күш ретіндегі рөлін айқындау көзделді.
Іс-шараға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының қызметкерлері мен колледж студенттері қатысты. Кездесу барысында Базарбай Мамадиярұлы сөз сөйлеп, мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың, әрбір отбасының өзінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие ғана саналы, жауапкершілігі жоғары азаматты қалыптастырады.
Сонымен қатар ол елді сүюдің мәні тек сөзбен емес, нақты іспен, халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа бастамалар көтеру арқылы көрінетінін айтты. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы «Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ» деген тұжырымына тоқталып, бұл ұстаным жастар үшін өмірлік бағдар болуы тиіс екенін жеткізді. Ол студенттерге алдағы білім жолында табыс тілеп, ел болашағы жастардың қолында екенін ерекше атап өтті.
Іс-шара мазмұны мәдени бағдарламамен жалғасын тапты. Колледж студенті Тахмина Алиева қазақтың көрнекті ақыны, драматургі, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» өлеңін әсерлі де мәнерлі оқып, көрермендерге терең ой салды. Бұл туынды арқылы Отан, туған жер, ана тілі, ұлттық рух секілді құндылықтардың тәрбиелік мәні айқын көрсетілді.
Сондай-ақ «Дизайн және өнер» пәнінің студенттері ұлттық киімдермен дефиле ұсынып, қазақ халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрінің көркемдігін паш етті. Ал өндірістік бөлімнің жас мамандары «Атамекен» әнін хормен орындап, отансүйгіштік рухты күшейтті.
Іс-шара соңында қатысушылар ұлттық құндылықтарға негізделген осындай кездесулердің жастар тәрбиесіндегі маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекеттік тілді дамыту мен ұлттық рухты нығайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты. Тағылымды жиын жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық сана қалыптастыруға ықпал еткен мазмұнды шара ретінде қорытындыланды.



