ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ
Тәуелсіздік – қазақ халқының сан ғасырлық арманының жүзеге асуы, елдігіміз бен бірлігіміздің, рухани тұтастығымыздың темірқазығы.

Егемендікке жету жолы жеңіл болған жоқ. Бұл жолда талай боздақтың қаны төгілді, талай ерлер мен ержүрек жастардың тағдыры сынға түсті. Сондықтан Тәуелсіздік тарихын терең танып, оның қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі күннің маңызды міндеті.
Осы мақсатта 2025 жылғы 11 желтоқсанда «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының жылдық жоспарына сәйкес, А. Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің мәжіліс залында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тірегім, Қазақстан жүрегім» тақырыбында желтоқсан оқиғасының қатысушыларымен тағылымды кездесу өтті. Кездесу жастарға ел тарихындағы ең бір күрделі кезеңдердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруге бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – жастарға желтоқсан оқиғасына қатысқан аға-апалардың ерлігін үлгі ете отырып, олардың елдік пен еркіндік жолындағы күресін өнеге ету, жас буынды туған жерін сүюге, Отанын қорғауға, азаматтық жауапкершілік пен шыншылдыққа тәрбиелеу болды. Бұл – Тәуелсіздік идеясының ұрпақ санасында терең орнығуына ықпал ететін маңызды тәрбиелік кездесу.
Тағылымды басқосуға «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Айтбаев Базарбай Мамадиярұлы, Ақсукент ауыл округі әкімдігінің бас маманы Ештаев Сейдуалы Абдуллаұлы, Желтоқсан оқиғасының тікелей қатысушылары Байгонова Раушан Баисбаевна, Найманов Қайратбек Алтынбекович, Ботабеков Сапарғалы Жорабекұлы, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұлпан Абзелова, сондай-ақ этнос жастары мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында желтоқсан оқиғасының қатысушылары өз бастарынан өткен ауыр да тағдырлы кезеңдерді еске алды. Сапарғалы Ботабеков сол бір суық желтоқсан күндерінде жастардың бойындағы намыс пен әділетке деген ұмтылыстың қандай күшті болғанын, азаттыққа деген сенімнің ешбір қысымға қарамастан жойылмағанын әсерлі әңгімелеп берді. Раушан Байгонова Желтоқсан көтерілісінің тек бір күндік наразылық емес, ұлт рухының оянуына себеп болған тарихи кезең екенін атап өтіп, сол күндерде көрген қиындықтар мен әділетсіздіктерді бүкпесіз жеткізді. Ал Қайратбек Найманов еркіндік жолындағы күрестің қандай ауыр сынақтармен келгенін, сол қиындықтардың бүгінгі тәуелсіз өмірдің бағасын арттыра түсетінін жастардың жүрегіне жеткізе білді.
Кездесу барысында сөз алған Ақсукент ауыл округі әкімдігінің бас маманы Сейдуалы Ештаев Тәуелсіздік – тек өткен тарих қана емес, ол бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдің болашағы – саналы, білімді, елжанды жастардың қолында, ал Желтоқсан қаһармандарының ерлігі – сол жолдағы ең үлкен рухани бағдар.
Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы Тәуелсіздік – халқымыздың ең басты құндылығы екенін атап өтіп, егемендіктің оңайлықпен келмегенін, сондықтан оны сақтау мен нығайту әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін айтты. Ол жастарды елдің бірлігі мен тұтастығын сақтауға, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға өз үлестерін қосуға шақырып, желтоқсаншыларға алғысын білдірді.
Тағылымды кездесу жастар үшін үлкен рухани сабақ болды. Желтоқсан оқиғасының шынайы куәгерлерімен жүздесу студенттердің ел тарихына деген қызығушылығын арттырып, Тәуелсіздіктің қадірін терең түсінуге мүмкіндік берді. Осындай кездесулер жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырып, тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз.



