TELEGRAM ДҮКЕНДЕРІ ЖЫЛДАМ САУДА МА, ӘЛДЕ ЖАСЫРЫН ҚАУІП ПЕ?
Бүгінде Telegram мессенджері тек хабарласу құралы ғана емес, сауда алаңына да айналып отыр. Телеграм дүкендері арқылы тауар сатып алу, қызметке тапсырыс беру бұрынғыдан да жеңілдей түсті.

Мұндай дүкендердің басты артықшылығы – ыңғайлылық. Қолданушы қосымшадан шықпай-ақ тауарды көріп, бірден тапсырыс бере алады. Сондай-ақ сатушымен жедел байланыс орнатып, қажетті ақпаратты алу мүмкіндігі бар.
Артықшылықтары
Телеграм дүкендерінің тағы бір артықшылығы – оны ашу үшін күрделі сайт жасаудың қажеті жоқ. Платформа арқылы түрлі бағыттағы өнімдер мен қызметтерді ұсынуға болады. Мысалы, киім-кешек пен тұрмыстық техникадан бастап, косметика, кітаптар және онлайн-курстарға дейінгі тауарлар Telegram арқылы оңай сатылады.
Қауіптері
Алайда, мұндай дүкендердің қауіп-қатері де бар. Жақында Ұлытау облысының арнайы прокуратурасы «Kaef Mafia» деп аталатын Telegram-дүкеннің қызметін әшкереледі.
Тергеу нәтижесінде бұл дүкен Республиканың аумағында синтетикалық есірткі заттарын байланыссыз тәсілмен өткізіп келгені анықталды. Қылмыстық схема «байланыссыз байланыс» қағидаты бойынша құрылған және «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүзеге асырылған.
Тергеу барысы
Тергеу барысында есірткі заттарына төлем қабылдауға арналған 200-ден астам банктік карта табылды.
Сонымен қатар қылмыстық істі ұйымдастырған Ресей мен Украина азаматтары анықталды. Олардың ішіндегі үш күдікті қамауға алынып, төрт адам іздеуге жарияланды. Арасында қаражатты шетелге криптовалюта түрінде шығарып отырған тұлға да бар. Қазіргі уақытта екі есірткіні жасырын қойып таратушыға қатысты іс аяқталып, сотқа жолданды.
Қаржылық нәтижелер
Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлескен жұмыс нәтижесінде заңсыз айналымнан 3,2 млрд теңгеден астам актив тәркіленді. Сот шешімімен бұл қаражат мемлекет кірісіне өткізілді.
Ал бүгінгі таңда аталған Telegram-дүкен банктік карталар арқылы төлем қабылдамайды. Қалған қатысушыларға қатысты тергеу жалғасуда.
Бұл жағдай Telegram дүкендерінің тек заңды бизнес құралы ғана емес, сонымен бірге заңсыз мақсатта да қолданылуы мүмкін екенін көрсетеді. Сондықтан онлайн сатып алу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау аса маңызды.