Без рубрики

ТҮРКІСТАН КӨШЕЛЕРІ КӨРІКТЕНІП КЕЛЕДІ: АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан қаласында абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, шаһардың сәулеттік келбеті мен экологиялық ахуалына тың серпін беріп отыр.

Қалалық әкімдікке қарасты «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен түрлі көшелер мен қоғамдық аумақтарда гүл егу, көгалдарды күтіп-баптау, арамшөптерден тазарту, сондай-ақ шағын сәулет нысандарын жөндеу секілді ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қаланың басты көшелерінің бірі саналатын Б.Саттарханов даңғылы бойында орналасқан «Арена» кешені мен Павлин құсының маңындағы аумақтарға сәндік гүлдер отырғызылуда. Бұл жұмыстардың мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарының жайлылығын арттыру ғана емес, сонымен қатар Түркістанның рухани әрі тарихи мәртебесіне сай келетін көркем әрі заманауи қалалық орта қалыптастыру. Мамандардың айтуынша, гүлдер климаттық жағдайларға бейімделген түрлерден таңдалып отыр.

Бұдан бөлек, қала аумағындағы көгалды аймақтар мен бос жатқан жерлерде арамшөптерді шабу, жер тегістеу және көгалдарды жаңарту шаралары белсенді атқарылуда. Бұл ретте Эко базар маңындағы үшбұрышты алаң, Павлин мүсіні жанындағы ашық кеңістік, сондай-ақ Аэропорт бағытындағы тас жол бойы қамтылып отыр. Аталған аумақтарда техникалық құралдар мен жұмысшы топтары жұмылдырылып, күнделікті кесте негізінде тазалау мен көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Тек көгалдандыру ғана емес, қаладағы шағын сәулет элементтерін ретке келтіру де назардан тыс қалмаған. Мәселен, Б.Саттарханов даңғылы бойында орналасқан «Нұрсәт» дәмханасы жанындағы балалар ойын алаңы толықтай қалыпқа келтіріліп, жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар аясында сынған құрылғылар жаңартылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріліп жатыр.

Қала көркіне тікелей әсер ететін жол инфрақұрылымы бойынша да маңызды шаралар атқарылуда. Жаяу жүргіншілер жолдары жуылып, жол көрсеткіш белгілері жаңартылуда. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді. Сонымен бірге, Аэропорт тас жолының бойындағы көпір құрылымы сырланып, заманауи талаптарға сай әрленіп жатыр. Бұл жұмыстар Түркістанның сырттан келген қонақтарға да жағымды әсер қалдыруына бағытталған.

Жалпы, қаланы абаттандыру – тек эстетикалық тұрғыда емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі. Түркістан қаласының бас жоспарына сай, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Экологиялық тепе-теңдікті сақтау, тұрғындардың серуендеуіне қолайлы жағдай жасау және қала ауасын тазарту мақсатында көгалдандыру көлемі жыл сайын артып келеді. Қаланың әрбір бұрышын көркейтуге бағытталған бұл игі бастамалар Түркістанды шын мәнінде жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруда маңызды рөл атқармақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close