Без рубрики

ТҮРКІСТАН МЕН ХОРЕЗМ ОБЛЫСТАРЫ ТУРИЗМДІ БІРЛЕСЕ ДАМЫТАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Өзбекстан Республикасына жұмыс сапары өңіраралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталды.

Сапардың негізгі мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралас әрі тарихи тамыры ортақ өңірлері арасындағы әріптестікті нығайту, әсіресе туризм саласында бірлескен жобаларды іске асыру және өзара тәжірибе алмасу. Жұмыс сапары аясында делегация Хорезм облысына барып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен, туристік инфрақұрылымымен танысты, сондай-ақ жоғары деңгейдегі маңызды келіссөздер өткізді.

Хорезм облысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимовтің кездесуі өтті. Кездесу барысында екі өңір басшылары туризм саласын дамытудың стратегиялық маңызына тоқталып, ортақ тарих пен мәдени құндылықтарды тиімді пайдалану арқылы трансшекаралық туристік бағыттарды қалыптастырудың әлеуетін талқылады. Нұралхан Көшеров өз сөзінде Түркістан мен Хорезм облыстарының ұқсастықтары көп екенін атап өтіп, бұл фактор екі өңір арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге берік негіз бола алатынын айтты.

Түркістан мен Хорезм – Орталық Азия өркениетінің алтын діңгегі саналатын аймақтар. Бұл өңірлерді сан ғасырлық тарих, рухани құндылықтар, ортақ дәстүр мен мәдениет, сондай-ақ Ұлы Жібек жолының мұрасы біріктіреді. Ежелден-ақ Түркістан мен Хорезм сауда-саттықтың, мәдени алмасудың және рухани ықпалдастықтың маңызды орталығы болған. Осы тарихи сабақтастық бүгінгі күні заманауи туризмнің берік іргетасына айналып отыр.

Нұралхан Көшеров Түркістан облысының туристік әлеуетіне жан-жақты тоқталып, өңірдің халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерін атап өтті. Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген бірегей тарихи нысан. Бұл қасиетті мекенге жыл сайын 1 миллионнан астам турист пен зияратшы келеді. Сонымен қатар облыс аумағында 1800-ге жуық тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Олардың қатарында көне қалашықтар, сәулет кешендері, археологиялық орындар мен рухани мәні зор тарихи мекендер кездеседі.

Өңірдің табиғи туризм әлеуеті де ерекше. Түркістан облысында ЮНЕСКО-ның биосфералық аумақтар желісіне енгізілген 4 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар. Бұл нысандар экотуризмді, ғылыми-танымдық саяхаттарды және табиғи мұраларды сақтай отырып турист тарту бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірде халықаралық стандарттарға сай инфрақұрылым қалыптасып келеді. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежай жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Әуе қатынасын дамыту мақсатында облыс тарапынан арнайы жеңілдікті бағдарламалар әзірленіп, жаңа бағыттар ашу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Осы мүмкіндіктерді негізге ала отырып, Түркістан облысының әкімі Хорезм тарапына бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, Түркістан – Хиуа бірыңғай туристік бағытын қалыптастыру бастамасы көтерілді. Бұл бағыт екі елдің тарихи орталықтарын бір маршрутқа біріктіріп, шетелдік және отандық туристер үшін ерекше қызығушылық тудыруы мүмкін. Сонымен қатар мәдениет пен қолөнер күндерін өзара өткізу, туристер үшін көліктік логистиканы жеңілдету, теміржол және әуе қатынастарын үйлестіру, екі өңірдің туристік брендтерін халықаралық нарықта бірлесе ілгерілету мәселелері де талқыланды.

Кездесу барысында туризммен шектелмей, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, білім және мәдениет салаларында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Өңірлер арасында бауырластық туралы меморандум жасау ұсынылып, бұл құжат алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықтың институционалдық негізін қалыптастыратыны айтылды.

Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимов Түркістан облысы делегациясының сапарына ризашылығын білдіріп, екі өңір арасындағы байланыстардың жылдан жылға нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Түркістанмен туризм саласында ғана емес, басқа да бағыттарда тығыз әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізіп, ортақ жобалар екі халықтың да әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді.

Жұмыс сапары аясында Түркістан облысының делегациясы Хорезм облысындағы туристік компаниялар мен салалық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, нақты келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында туристік өнімдерді біріктіру, ортақ турпакеттер әзірлеу, туристер ағынын арттыру, сервистік қызмет сапасын жақсарту және халықаралық нарыққа шығу жолдары талқыланды. Тараптар туризмді дамытуда тәжірибе алмасудың маңызын атап өтіп, тұрақты диалог орнатуға уағдаласты.

Сонымен қатар делегация Хорезм облысының тарихи және туристік нысандарын аралап, өңірдің инфрақұрылымымен, туристерге ұсынылатын қызмет түрлерімен танысты. Хиуа қаласының тарихи орталығы, сәулет ескерткіштері мен мәдени кеңістіктері Түркістан тарапынан жоғары бағаланды. Бұл сапар екі өңір үшін де өзара тәжірибе жинақтап, туризмді дамытуда жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік берді.

Айта кету керек, Түркістан облысы соңғы жылдары туризм саласында тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірге 830 мың турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары көрсеткіш. Туристер санының артуы инфрақұрылымның дамуына, қызмет көрсету сапасының жақсаруына және өңірдің халықаралық деңгейде танылуына тікелей әсер етуде.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close