ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМДІГІ 3 ЖАҢА ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРДІ
Түркістан облысы қауіпсіздік саласын дамытуға ерекше мән беріп, тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Сол аясда Сайрам ауданында екі жаңа өрт сөндіру бекетінің, сондай-ақ Ордабасы ауданында бір жаңа бекеттің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Бұл бекеттер тұрғындар үшін төтенше жағдайлар мен өрт қауіпінен қорғанудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді.
Жаңа бекеттер Сайрам ауданындағы Қарамұрт және Құтарыс ауылдарында орналасқан. Ашылу рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық ТЖД бастығы, полковник Асқар Төлешев, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, сондай-ақ ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты. Бұл маңызды шара «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған бес жаңа нысанның қатарында.
Қарамұрт ауылындағы жаңа бекет 20 мыңға жуық тұрғынды қамтитын Қарамұрт, Низамабад және Аққала ауылдарын өрт және басқа төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Бұл бекеттің ашылуы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін едәуір арттырады. Өрт сөндіру қызметіне қажетті барлық инфрақұрылым – су көздері, арнайы техника, құрал-жабдықтар – қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, бекет персоналы үшін заманауи демалыс және техникалық қолдау бөлмелері қарастырылған, бұл өрт сөндірушілердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Құтарыс ауылында салынған бекет 8 мыңға жуық тұрғынды қамтитын алты елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді: Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс, Оймауыт, Жусансай және Аққойлы. Бекеттің жалпы ауданы 225 шаршы метрді құрайды. Құрылыс «OZEN» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, жобаның құны 65 миллион теңге. Құрамында өрт сөндіру және авариялық жағдайлар үшін қажетті барлық техникалық жабдықтар бар. Бұл бекет ауыл тұрғындарының өмірін сақтауда және төтенше жағдайлардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Ордабасы ауданында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті де толық техникалық жабдықталған. Арнайы техника мен құралдар өрт қауіпін төмендетуге және төтенше жағдайларды дер кезінде болдырмауға мүмкіндік береді. Бұл бекет Бөген ауылын қамтып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға қызмет етеді. Ауылдық аймақтарға өрт сөндіру қызметін жеткізудің жаңа жүйесі халықтың сенімін нығайтып, төтенше жағдайларда жауап беру уақытын қысқартады.
Салтанатты шарада ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру жұмыстарына оң баға берді. Министр ауылдық жерлерде жаңа өрт сөндіру бекеттерін салудың маңыздылығын атап өтіп, Түркістан облысы әкімдігі мен ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді. Министр атап өткендей, ауылдық аудандардағы осындай бекеттер төтенше жағдайлардың алдын алуда шешуші фактор болып табылады және оларды дамыту арқылы азаматтық қорғаныс жүйесі одан әрі күшейеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөзінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. – Бүгін біз қуанышты сәтке куә болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың санын азайту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Түркістан облысында осы тапсырма аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде осы жылдың өзінде 5 жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды. Бүгінгі ашылған Қарамұрт, Құтарыс және Бөген бекеттері де осы жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Бұл бекеттер аймақ тұрғындарын өрт пен төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Осындай нысандардың ашылуы азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтаудың кепілі болып табылады, – деді облыс басшысы.
Нұралхан Көшеров атап өткендей, өрт сөндірушілердің жұмысы – бұл күн сайынғы ерлік. Олар қауіптің ортасында болып, тұрғындардың амандығын күзетеді. Облыс әкімдігі олардың еңбек жағдайларын жақсартуға, техникалық базаны нығайтуға және саланы тұрақты қолдауға басымдық беруде. Соңғы екі жылда ТЖД қызметі үшін облыс бюджетінен 30-ға жуық жаңа техника алынды. Сонымен қатар, Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1 миллиард 612 миллион теңге болатын екі жаңа өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс бойынша жалғасады.
Жаңа бекеттер арнайы техникамен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Штаттар бекітіліп, қызметкерлердің әрқайсысының міндеттері нақты анықталған. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде облыста барлығы 32 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған, соның бесеуі биыл тапсырылуда. Бұл бағдарлама ауылдық жерлерде азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтуға, төтенше жағдайларға жедел және тиімді жауап беруге бағытталған кешенді шара болып табылады.
Қорытындылай келе, Түркістан облысында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеттері – азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа деңгейі. Олар ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғап қана қоймай, төтенше жағдайлардың алдын алу жүйесін күшейтеді. Сондай-ақ, бұл бекеттер өңірдегі инфрақұрылымды дамытып, жергілікті тұрғындардың сенімін арттырады, ал өрт сөндірушілерге жағдай жасау арқылы олардың кәсіби қызметін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.



