ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУДА ЕЛ АЛДЫНДА КЕЛЕ ЖАТЫР
Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Осы мақсатта өңірге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, егіс алқаптарын әртараптандыру, су тапшылығы жағдайында ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын сақтау және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысын жан-жақты талқылады. Мәжіліске жауапты министрліктердің өкілдері, облыс басшылығы және сала мамандары қатысып, нақты міндеттер айқындалды.
Жиында су тапшылығы мәселесінің тек аграрлық секторға ғана емес, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететіні атап өтілді. Қазіргі таңда климаттың өзгеруі, су көздерінің азаюы және суға деген сұраныстың артуы жағдайында су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдеріне көшу қажеттілігі айқын сезілуде. Осыған байланысты су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу, ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайын тұрақты бақылау, суару әдістерін жетілдіру басты басымдық ретінде белгіленді. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алу, су бөлу кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелері де ерекше назарға алынды.
Қанат Бозымбаев өз сөзінде су үнемдеу технологияларын енгізу агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына негіз болатынын, ал егіс құрылымдарын әртараптандыру арқылы суға тәуелділікті азайтуға болатынын айтты. Құрғақшылыққа төзімді, аз су қажет ететін дақылдарды көбейту, егіс алқаптарын ғылыми негізде жоспарлау және заманауи технологияларды қолдану ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл халқының табысын арттыруға жол ашады.
Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соңғы жылдары облыста тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері кеңінен қолданылып, су ресурстарын тиімді пайдалану тәжірибесі қалыптасуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, қосымша құн қалыптастыратын өндіріс орындарын ашу арқылы өңір экономикасын әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су үнемдеу технологияларын енгізу және «Ауыл аманаты» жобасының орындалу көрсеткіштері жөнінде баяндама жасап, нақты нәтижелерге тоқталды. Оның айтуынша, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республика көлемінде жетекші орындардың бірін иеленіп отыр. Елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы осы өңірге тиесілі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі, бұл өңірдің экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Биыл облыста су үнемдеу технологияларын енгізу бастапқы жоспар бойынша 27 мың гектарды құрауы тиіс болса, нақты нәтижеде бұл көрсеткіш 59 мың гектарға жетіп, жоспар екі есеге жуық артығымен орындалды. Оның ішінде 53,7 мың гектар алқапта тамшылатып суару, 6,2 мың гектар жерде жаңбырлатып суару технологиялары қолданылды. Қазіргі таңда облыс бойынша су үнемдеу технологиялары енгізілген жалпы егіс көлемі 114 мың гектарға жетті. Нәтижесінде 195 миллион текше метр су үнемделіп, су ресурстарын тиімді пайдалану нақты экономикалық және экологиялық нәтиже беріп отыр.
Алдағы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Жыл сайын қосымша 50 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқапта осы жүйелерді пайдалану жоспарланып отыр. Бұл шамамен 622,8 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Мұндай ауқымды көрсеткіштер өңірдің су тапшылығы жағдайында тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам екенін айқын көрсетеді.
Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста өндірістік база да қалыптастырылуда. Қуаттылығы жылына 163 мың гектар алқапты қамтитын төрт кәсіпорын іске қосылып, олар отандық нарықты қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар 2026 жылы тағы екі кәсіпорын іске қосылып, олардың жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын болады. Бұл ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығындарын азайтып, технологияларды кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы да кеңінен қаралды. 2023-2025 жылдар аралығында бұл жобаға республикалық бюджеттен 30,2 миллиард теңге бөлінген. 2023 жылы 19,8 миллиард теңге толық игерілсе, 2024 жылы 3 миллиард теңге, ал 2025 жылға 7,4 миллиард теңге қарастырылған. Аталған қаржы есебінен алты бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы сомасы 25,6 миллиард теңгені құрайтын жеңілдетілген несиелер берілді.



