ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «МӨЛДІР БҰЛАҚ» АКЦИЯСЫ ЖАҢАРУ КҮНІМЕН ҰШТАСТЫ
Түркістан облысында Наурыз мерекесі аясындағы Жаңару күні экологиялық мазмұндағы маңызды бастамамен ерекшеленді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Үндеуінен кейін бастау алған «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы өңірде кең көлемде ұйымдастырылып, қоғамның түрлі өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырды. Аталған шара Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының нақты көрінісіне айналды.
Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген бұл акцияның символикалық мәні зор. Ұлыстың ұлы күні табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңі болса, экологиялық тазалыққа бағытталған шаралар сол жаңарудың нақты іс жүзіндегі көрінісі болды. Осы ретте Түркістан облысының шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында ұйымдастырылған іс-шара өңірдегі табиғатты қорғау мәдениетінің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын аңғартты.
Географиялық тұрғыдан алғанда, Түлкібас өңірі табиғи ресурстарға бай аймақтардың бірі. Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсында орналасқан бұл аудан мөлдір бұлақтар мен өзендердің бастау алар мекені ретінде белгілі. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ көзі халық игілігіне қызмет етуде. Бұл табиғи байлық ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып саналады.
Экологиялық акцияға облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір басшылығы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысты. Іс-шара барысында «Әулие бастау» бұлағының көзі тазартылып, айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылып, табиғи ортаны қорғау мен көркейту бағытында нақты жұмыстар атқарылды.
Өңір басшысы өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, «Мөлдір бұлақ» акциясы – тек бір күндік шара емес, бұл – болашақ ұрпаққа таза табиғат қалдыруға бағытталған жүйелі жұмыс. Қазіргі таңда су тапшылығы барлық өңірлер үшін өзекті мәселеге айналып отырғанын ескерсек, бұлақ көздерін сақтау, оларды тұрақты түрде тазалау және тиімді пайдалану – барша қоғамның ортақ міндеті. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығы осы бастаманың мазмұнын толық айқындайды.
«Әулие бастау» бұлағының да өңір үшін маңызы ерекше. 1940 жылдан бері халық игілігіне қызмет етіп келе жатқан бұл су көзі бүгінде Жыланды және Көкбұлақ өзендері арқылы Арыс өзеніне құйып, бірнеше елді мекенді сумен қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, 45 гектар суармалы жер, 30 гектар егістік алқабы және 120-дан астам тұрғын үй осы бұлақтың игілігін пайдалануда.
Жалпы алғанда, Түлкібас ауданындағы 59 елді мекеннің 49-ы ауыз суды табиғи бұлақ көздерінен алады. Сонымен қатар 111 канал арқылы 13 832 гектар ауыл шаруашылығы жері ағын сумен қамтамасыз етілуде. Бұл көрсеткіштер табиғи су көздерінің өңір экономикасы мен әлеуметтік өміріндегі стратегиялық рөлін айқын көрсетеді.
Айта кету керек, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы тек бір ауданмен шектелген жоқ. Бұл күні облыстың барлық аудандары мен қалаларында бір мезетте ұйымдастырылған іс-шараға 1500-ге жуық адам қатысты. Ал «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында өңір бойынша 1,3 миллионға жуық тұрғын жұмылдырылып, 1 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Сонымен қатар бұлақ көздерін сақтау мен қорғауда заманауи тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұлақтар туралы ақпаратты қолжетімді ету мақсатында QR-кодтар орнату көзделген. Бұл цифрлық шешімдер тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, «Мөлдір бұлақ» акциясы – тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға және қоғамның экологиялық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастамалардың жүйелі түрде жүзеге асуы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, келер ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыруға негіз болмақ.



