Без рубрики

ТҮРКІСТАНДА 5 МЫҢ ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ МЕШІТ ЖЫЛ СОҢЫНДА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛЕДІ

Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан ірі рухани жобалардың бірі – 5 мың адамға арналған заманауи мешіттің құрылысы мәресіне жақындады.

Қаланың кіреберіс қақпасында бой көтеріп жатқан бұл сәулетті нысан тек діни ғимарат ретінде ғана емес, бүкіл өңірдің рухани келбетін айшықтайтын маңызды архитектуралық кешенге айналмақ. Түркістанның тарихи миссиясы мен рухани маңызын ескерсек, жаңа мешіттің салынуы – қаланың қасиетті мәртебесін одан әрі арттыратын маңызды қадам болып отыр.

Қазіргі таңда мешіт құрылысының негізгі кезеңдері толық аяқталған. Атап айтқанда, ғимараттың сыртқы қасбеті толығымен қапталып, мұнаралары орнатылған. Электрмен және сумен жабдықтау жүйелері іске қосылып, инженерлік желілер толық тартылған. Терезелер мен есік конструкциялары орнатылып, бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Қабырғаларды сәндік өңдеу, еден төсеу, жарықтандыру жүйесін орнату және ішкі интерьерді безендіру бағытындағы жұмыстар қатар атқарылуда. Құрылыс алаңында 30-дан астам маман мен 9 арнайы техника тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр.

Мешіт құрылысының барысын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып көріп, жауапты сала басшыларымен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесті. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше мән берілетінін атап өтіп, нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар болашақта мешіттің қауіпсіздігі, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі, өрт қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелердің тұрақты жұмыс істеуі басты назарда болуы керектігін ескертті. Әкім мешіттің тек ашылу сәтімен шектелмей, ұзақ мерзім бойы халыққа қызмет етуі үшін барлық талаптарға сай болуы қажет екенін айтты.

Аталған мешіт көрші Өзбекстан Республикасының Түркістан қаласына жасаған рухани әрі мәдени тартуы ретінде салынып жатыр. Бұл жоба – екі ел арасындағы бауырластық қатынастың, ортақ тарихи және рухани құндылықтардың нақты көрінісі. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтап, мешітті ресми түрде пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа мешіт бір мезгілде 5 мың жамағаттың еркін түрде құлшылық етуіне мүмкіндік береді, бұл Түркістан қаласы үшін өте маңызды көрсеткіш.

Жобаның жалпы құны 32 миллиард теңгені құрайды. Мешіт орналасқан жер аумағы 7,7 гектарды қамтиды. Ислам орталығының жалпы ғимарат аумағы 4 650 шаршы метрді құрайды. Мешіттің іргетасы 2019 жылы қаланып, құрылыс жұмыстары бірнеше кезеңмен жүргізілген. Ғимараттың сәулеттік шешімінде шығыстық нақыш пен заманауи стиль үйлесім тапқан. Биіктігі 61 метрлік мұнаралар мешітке айрықша көрік беріп, алыстан көзге түсетін сәулеттік нышанға айналуда.

Құрылыс жұмыстарын «МонтажСтройКом Экстра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Мердігер мекеме нысанның сапасына, құрылыс материалдарының беріктігіне және климаттық ерекшеліктерге бейімділігіне ерекше назар аударған. Сонымен қатар ғимараттың сейсмикалық қауіпсіздігі де есепке алынған. Бұл – ұзақ жылдар бойы қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік беретін маңызды факторлардың бірі.

Қазіргі уақытта мешіт аумағында абаттандыру жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жалпы абаттандырылатын аумақ 4,2 гектарды құрайды. Бұл жерде жасыл желек отырғызу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жарықтандыру жүйелерін орнату, автотұрақтар мен демалыс аймақтарын жасау қарастырылған. Бүгінде абаттандыру жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Қалған бөлігі мешіт пайдалануға берілгенге дейін толық тәмамдалады деп жоспарланып отыр.

Жаңа мешіттің ашылуы Түркістан қаласының рухани өміріне тың серпін береді. Бұл нысан тек намаз оқитын орын ғана емес, сонымен қатар діни-ағартушылық бағыттағы дәрістер, уағыздар, жастармен кездесулер мен рухани іс-шаралар өтетін орталыққа айналмақ. Мешіттің айналасында қалыптасатын рухани орта қоғамда имандылықты, сабыр мен ізгілікті насихаттауға өз үлесін қосады.

Түркістан – күллі түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде ислам мәдениеті мен тарихының алтын діңгектерінің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа мешіттің салынуы қаланың тарихи миссиясын жалғастырып, ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты нығайтады. Сонымен қатар бұл нысан ішкі және сыртқы туризмнің дамуына да оң әсерін тигізіп, Түркістанға келетін зияратшылар санының артуына ықпал етпек.

Жалпы алғанда, Түркістан қаласында бой көтеріп жатқан 5 мың орындық мешіт – өңірдің рухани, мәдени және сәулеттік дамуына қосылған ірі жоба. Жыл соңында пайдалануға берілетін бұл қасиетті мекен қала келбетін көркейтіп қана қоймай, мыңдаған жамағаттың басын қосатын маңызды рухани орталыққа айналады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close