Без рубрики

ЗИЯНДЫ ТАҒАМДАР-ЗАМАНАУИ ӨМІРДІҢ ЖАСЫРЫН ТӘУЕЛДІЛІГІ

Қазіргі заманда зиянды тағамдар– тек жылдам дайындалатын тағам ғана емес, өмір сүру дағдысының бір бөлігіне айналып отыр.

Әсіресе жастар мен балалар арасында танымалдылығы күн сайын артуда. Уақыт үнемдеу үшін тез дайындалатын аспен тамақтану ыңғайлы болғанымен, оның денсаулыққа, әлеуметтік ортаға әрі халқымыздың тағам мәдениетіне әсері елеусіз қалмауы тиіс.

Негізгі мәселелер

Денсаулыққа зияны

Фаст фуд өнімдері көбіне калориясы жоғары, майы мен тұзы мол, ал дәрумендерге өте кедей болып келеді. Мұндай тағамдарды жиі тұтыну семіздікке, қант диабетіне және жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, дұрыс тамақтанбау – созылмалы аурулардың басты себептерінің бірі саналады.

Балалар мен жастарға ықпалы

Жарнаманың әсерімен мектеп оқушылары мен студенттер көбінесе фаст фудты таңдайды. Бұл олардың өсуіне, иммунитетіне кері әсер етеді. Әрі үйдегі дәстүрлі асқа қарағанда жылдам дайындалатын тағамдарға тәуелділік артады.

Ұлттық асханаға қауіп

Қазақтың ұлттық тағамдары – ет, қымыз, айран, бауырсақ – бір кездері күнделікті дастарханның басты бөлігі болса, қазір оларды көбіне мерекелік немесе арнайы жағдайларда ғана көреміз. Фаст фудтың жаппай таралуы ұлттық тағам мәдениетін ығыстырып шығару қаупін тудырады.

Экономикалық және экологиялық әсер

Қазіргі таңда еліміздегі фаст фуд нарығын шетелдік компаниялар басым түрде иеленіп отыр. Бұл – қаржының ел экономикасына толық құйылмай, сыртқа кетуіне ықпал етеді. Сонымен қатар фаст фудпен бірге қолданылатын пластик пен қағаз қаптамалар экологиялық мәселелерді ушықтырып, қоқыс көлемін арттырады.

Мәселені шешудің жолдары

Денсаулық мәдениетін қалыптастыру үшін бірқатар шараларды жүзеге асыру маңызды. Ең алдымен мектептер мен жоғары оқу орындарында дұрыс тамақтану бойынша арнайы сабақтар енгізілуі тиіс. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау қажет. Бұған қоса, балалар мен жастарға арналған ұлттық тағам фестивальдерін тұрақты түрде ұйымдастыру да олардың дұрыс тамақтануға деген қызығушылығын арттыра түседі.

Қазақтың дәстүрлі тағамдарын заманауи үлгіде ұсынып, «ұлттық стрит-фуд» брендін қалыптастыруға толық мүмкіндік бар. Мәселен, нан арасына қазы немесе ет қосып дайындалған қазақша бургерлерді, қымыздан әзірленген түрлі коктейльдерді немесе шағын қаптамадағы бауырсақтарды ұсынуға болады. Мұндай бастама жастардың назарын ұлттық асханаға қайта аударып қана қоймай, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдау

Шетелдік фаст фуд желілеріне салынатын салықты күшейтіп, отандық кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасау маңызды. Сонымен қатар қоғамдық орындарда фаст фудтың орнына дәруменге бай тағамдар ұсынатын арнайы асханалар ашу қажет. Ұлттық тағам өндірушілерін қаржылай қолдау да осы бағыттағы тиімді қадамдардың бірі болмақ.

Экологиялық шаралар

Фаст фуд сататын орындарда қайта өңдеуге жарамды қаптаманы қолдануды міндеттеу қажет. Сондай-ақ экологиялық таза өнімдерді пайдаланатын кәсіпорындарға мемлекеттік грант бөлу – табиғатты қорғауға және тұрақты өндірісті дамытуға ықпал ететін маңызды қадам болмақ.

Энергетикалық сусындар мен газдалған сусындардың зияны

Фаст фудпен қатар жастар арасында кеңінен тараған тағы бір қауіпті өнім – энергетикалық сусындар мен газдалған тәтті сусындар. Dizzy, Gorilla сияқты энергетиктер ағзаны уақытша сергіткенмен, жүрекке шамадан тыс салмақ түсіріп, қан қысымын жоғарылатады. Ұзақ уақыт бойы тұтынған жағдайда жүйке жүйесінің әлсіреуіне, ұйқының бұзылуына және тәуелділікке әкелуі мүмкін.

Ал құрамында қант мөлшері өте жоғары кола мен өзге де газдалған сусындар семіздіктің, қант диабетінің және тіс ауруларының басты себептерінің бірі болып отыр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің бұл сусындарға жиі әуестенуі олардың қалыпты өсуі мен дамуына кері әсерін тигізеді.

Дәрігерлер мен сарапшылардың айтуынша, фаст фудпен бірге жиі қолданылатын энергетикалық және газдалған сусындардың да қауіпті екенін ескеру қажет. Оның орнына қымыз, айран және табиғи шырын сияқты дәруменге бай сусындарды пайдаланған жөн.

Фаст фуд – уақыт талабынан туындаған құбылыс. Оны біржола тоқтату мүмкін емес. Дегенмен, оның зиянды әсерін азайтып, халық денсаулығын сақтау үшін мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірігіп әрекет етуі қажет. Ең бастысы – ұлттық асхананы заманға сай жаңғыртып, жастардың таңдауына лайықты балама ұсына білу. Сонда ғана біз жаһандану дәуірінде дәстүрімізді сақтап, денсаулығымызды қорғап қала аламыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close