Қоғам

Р.СЕЙТМЕТОВ АТЫНДАҒЫ ТЕАТРДА БИЫЛ 130-ҒА ЖУЫҚ ҚОЙЫЛЫМ ҚОЙЫЛҒАН

Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының репертуарында ересектерге арналған 66, балаларға арналған 22 қойылым бар.

2024  жылы барлығы 129 қойылым көрсетіліп, 4  премьера көрерменге жол тартты. Биыл 10 айда театр репертуарындағы туындыларды тамашалауға барлығы 20 мыңға жуық адам келген. Бұл жайында театр директоры Арман Алиев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Жыл басынан бері театр сахнасында су жаңа 4 шығарманы көрермен назарына ұсындық. Ақпан айында Қуандық Қасымовтың  жетекшілігімен Асахмат Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясы көрерменге жол тартты. Мамыр айында режиссер Айдар Наурызбаевтың сахналауындағы Әлдихан Қалдыбаевтың сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қойылған «Жалғыз желкен» драмасы қойылды. Одан соң, қыркүйекте ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафиннің сахналауындағы орыс жазушысы Василий Шукшиннің «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясы, қараша айында Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Мұқанғали Томановтың сахналауында қырғыз-қазақ жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» қойылымдарының  премьералары өткізілді»- деді спикер.

Сонымен қатар, биыл театр ұжымы бірқатар халықаралық жарыстардан жүлдемен оралған. Көкшетау қаласында өткен Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген II халықаралық «СӘЛЕМ» комедиялық театр фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталса, Ресейдің Барнаул қаласында өткен В.Шукшин атындағы II халықаралық «Здравствуйте, люди!» театр фестивалінде, Оман мемлекетінде өткен  «ДОФАР» I халықаралық театр фестивалінде «Алғыс хаттарға» ие болған.

Сондай-ақ, театр басшысы Түркістан қаласының «Оқушылар сарайы» кешенімен бірлесе отырып, Қанат Шериевтің «Теңіз астындағы жаңа жыл» атты жаңа жылдық ертегісінің дайындық жұмыстарына кірісіп кеткенін жеткізді.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close