ТУРИСТЕН ТЕҢГЕ СҰРАДЫ ДЕП АЙЫПТАЛҒАН ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРЫЛАДЫ
Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы хабарлады.

— Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында патрульдік полиция қызметкерлерінің «Шымкент – Самара» жолындағы оқиғасы анықталды. Қазіргі уақытта бейнежазба бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетсек, полицияға жәбірленушілерден қандай да бір ресми арыз-шағым түскен жоқ, көлік құралының деректері анықталмады.
Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін кез келген ақпаратқа назар аударып, қатаң әрі нақты жауап береді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар тиісті құрылым басшылығына қатысты қызметтік тергеу басталды. Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады.
Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында патрульдік нарядтардың жұмысына бақылау күшейтілді. Министрлік қашанда сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес пен тазарту шараларына басымдық беріп келеді.
Тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, диалогқа ашық екенімізді хабарлаймыз- делінген хабарламада. Сондай-ақ департаменттің ресми өкілі видеодағы екі полиция қызметкерінің жұмыстан босатылатынын айтты.
Еске сала кетсек, желіде шетелдік туристердің видеосы тарады. Видео авторының айтуынша Түркістан облысының полицейлері ешқандай жол ережесін бұзбаса да тоқтатып, 200 мың теңге сұраған.