Қоғам

ТҮРКІСТАНДА «ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атануына орай өңірде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасты.

Бүгін облыс орталығында фестиваль қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жеңімпаз аудандарды марапаттады.

– Биыл Түркістан облысының құрылғанына алты жыл толып отыр. Атауы мыңжылдықтарға кеткенмен, құрылымы жаңа біздің өңір үшін бұл уақыт жаңару мен дамудың кезеңіне айналды. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы тапсырмасы аясында арнайы заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауында жатыр . Бұл біздің өңірге жүктелген мәртебелі міндет, жоғары жауапкершілікті талап ететін бастама болып отыр. Бұл игілікті істердің жүзеге асуына мәдениет мамандарының да қосар үлес зор болмақ. Дәстүрлі ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше тарту болды. Аудан, қаладан келген өнер ұжымдары, талантты жастар ұлттық құндылықтарымыз бен заманауи өнердің тамаша үйлесімін көрсете білді. Мен осы орайда, аталған фестивалге үлес қосып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен баршаңызға алғысымды білдіремін, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге ие болған Сарыағаш ауданына арнайы дайындалған «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылды. І орынды Сауран мен Созақ ауданы, ІІ орынды Ордабасы, Қазығұрт және Жетісай ауданы, ІІІ орынды Түлкібас пен Отырар ауданы және Түркістан қаласы иеленді. Жеңімпаз аудандарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар берілді.

Бұдан бөлек арнайы жүлделер тапсырылды. Фестивальге қатысқаны үшін диплом Сайрам мен Бәйдібек, Төлеби ауданына берілді. Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Кентау қаласы  «Туған жер — алтын бесігім» жүлдесімен Арыс қаласы, «Ауылым – алтын тұғырым» арнайы жүлдесімен Мақтаарал ауданы,«Өнерлі өлке» арнайы жүлдесімен Шардара ауданы, «Мәдениетім мерейім» арнайы жүлдесімен Келес ауданы марапатталды.

Шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқауының жеңімпаздары мен Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында облыс тарапынан ұйымдастырылған іс-шараларды жоғарғы деңгейде ұйымдастырған мәдениет саласының қызметкерлеріне ұйымдастыру комитетінен берілген алғыс хаттармен бірқатар мәдениет қызметкерлері марапатталды.

Фестивалде қазылар алқасы бірнеше талаптар бойынша бағалап жеңімпаздарды анықтады. Қылқалам, қолөнер шеберлерінің, ұлттық тағамдардың көрмелері, аудан, қаланың тарихына, жетістігіне арналған және кітап көрмелер, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, дәстүрлі өнерге арналған концерттік бағдарламалар, көше театры сияқты халық театрының қойылымдары, ұлттық спорттық ойындар, аудан, қала өнерпаздарының гала-концерті, көрермендердің іс-шараға тартылуы, әр қала, ауданның фестивалді ұйымдастыру деңгейі назарға алынды.

Айта кетейік, фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының өнерпаздары ашқан болатын. Шара – ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль маусым-қазан айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтті. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетті. Одан бөлек, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close