Қоғам

«ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» ОРТАЛЫҒЫНДА НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ТАНЫМДЫҚ-МӘДЕНИ ШАРАСЫ ӨТТІ

Бүгін «Ұлы дала елі» орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің бірлесе ұйымдастыруымен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың 120 жылдығына орай танымдық-мәдени шарасы өтті.

«Халқының адал перзенті» атты жиынға туған ауылынан көзін көрген замандастары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Келушілерге Нұртас Оңдасынов атындағы музей-филиалының құнды жәдігерлерінен арнайы тақырыптық көрме жасақталды.

Мазмұнды жиын біртуар тұлға жайлы бейнероликпен басталды. Содан соң сөз алған Сауран ауданы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің төрағасы Тілес Ақай, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева шараны ашып беріп, ұлт қайраткерінің еңбектеріне тоқталды. Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Ұлжалғас Мұстафаева, қалалық мәслихат депутаты Ғалымжан Құдияров өз кезегінде тұлға жайлы ой бөлісті.

Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызмет жолын, шығармашылығын насихаттау, туған жердің тұлғаларын жас ұрпаққа таныту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында «Шұғыла» халықтық мәдени-үгіт бригадасы Нұртас Оңдасынов туралы баяндады. «Яссы» халықтық би ансамблі, Ұлжалғас Шілдебаева, Данагүл мен Шыңғыс, Райым Бақытұлы, Ынтықбай Дана және тағы басқа қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, би биледі.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы бірқатар мектептер мен көшелерге, Алматы қаласындағы бір көшеге Оңдасыновтың есімі берілген. Еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері ретінде Нұртас Оңдасынов өзінің өнегелі өмір жолымен Ұлы даланың ұлы тұлғалары тарихында өшпестей із қалдырып отыр.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close