Қоғам

ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНДАҒЫ ЭТНОФОЛЬКЛОРЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ДАМУЫ-2

1985 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанынан сақ дәуіріндегі Есік қорғанында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған көне музыкалық адырна аспабының құрметіне оның аты жаңадан ашылған фольклорлық-этнографиялық ансамбльге берілді.

Ө. Жәнібековтің бастамасымен ұлттық өнерді насихаттап, ұлықтау мақсатында құрылған ұжым жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігімен халықтың рухани мәдениетіне ұқыпты қарауының арқасында өз Отанында ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде танымал болды.

Алғашқылардың бірі болып, алыстағы Австрия, Индия, Шри-Ланка, Италия, Жапония, Кипр, Франция және т. б. шетелдердегі гастрольдік сапарларда, сондай-ақ көптеген ТМД елдеріндегі мемлекеттерде қазақ музыкасын әлемге танытқан тұңғыш республикалық деңгейдегі фольклорлы сазды «Мұрагер» ансамбль ұжымы және оның ұйымдастырушысы мен көркемдік жетекшісі, музыка зерттеушісі, дәулескер күйшіА.Ы. Райымбергенов –көптеген бүкілодақтық, халықаралық фестивальдердің жүлдегері, Мәскеуде өткізілген жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік фестивалінің дипломанты, 1990 ж. Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты ретінде танымал.

Алпысыншы жылдары ұлттық сана-сезімнің оянып күрделі қайшылықта тұрған уақытта рухани өнеріміз де үлкен текетіреске тірелді. Сол кезде-ақ рухани салаға шетелдің ықпалы зор болды. «Битлз» сияқты жаңа еуропалық ырғақтағы әуендер жарқ етіп шығып, жастар арасына тарады. Осындай қат-қабат кезеңде қазақ қоғамының рухани әлемде тығырықтан шығу жолдары жайы мазалады. 1967 жылдың жазында әуесқойлық деңгейде құрылған «Дос-Мұқасан» эстрадалық вокальді аспаптар ансамблінің ішкі әлемінде бұл қайшылықтарды нәтижелі шешу бағдары тұрды. 1972 жылдан бастап ансамбльдің көркемдік жетекшісі композитор Мұрат Құсайыновболды. Бастапқы құрамы Д. Сүлеев (баян), Қ. Санбаев (гитара), А. Литвиновтан (барабан) құралған. Кейінгі жылдары құрамы кеңейіп, ұжымға М. Молдабеков, Қ. Әжібаева, Ш. Омаров, Б. Жұмаділов, Н. Құсайыновтар қосылды. Бұл жолдағы ансамбльдің бастапқы ізденістеріндегі жаңашылдығы – репертуарға қазақтың халық әндерін («Назқоңыр», «Ахау бикем», «Он алты қыз», «Сұлу қыз», «Құдаша», «Ауылың сенің іргелі», т.б.) лайықтап, электронды музыкалық аспаптар сүйемелімен қатар домбыра және шаңқобызбен қатар орындалуында еді.

Ұжым репертуарында қазіргі заман қазақ композиторларының әндері («Сағындым сені» – Е. Хасанғалиев; «Алатау», «Куә бол» – Н. Тілендиев, «Жыр жазамын жүрегімнен» – Ғ. Жұбанова; «Шофер келді қырманға» – С.Мұхамеджанов т. б.), ансамбльдің өз мүшелерінің шығармаларымен қатар («Той жыры», «Күт мені» – Д. Сүлеев; «Қайдасың» – Молдабеков; «Қуанышым менің», «Туған жер» – М. Құсайынов), ансамбльдің репертуарында халық композиторларының (Естай, Ақан сері, Мариям Жагорқызы, т.б.) дүниелері еселі орын алды. Көркем ұжымның сол кездегі басты жетістігі – дәстүрлі фольклорлық-музыка туындыларын тұңғыш эстрадалық мәнерде өңдеп, жаңа сипатта стилизациялы орындауы еді. Ұлттық нақыш, әсіресе, «Жерұйық» рок- операсы (1980), «Дала және ғарыш» (1985) сияқты күрделі шығармалардан айқын танылды.

«Дос-Мұқасанның» шығарған алғашқы эстрадалық композициялары халыққа кеңінен танылып, кейінгі буын жастарға үлгі болып тарады. Аталған шығармаларды еліміздегі ғана емес, Ташкент (Бүкілодақтық «Халықтар достығы» фестивалі, 1971), Минск (кәсіби орындаушылар байқауы, 1973), Берлин (1973), Мәскеу (Жастар мен студенттердің халықаралық фестивалі, 1985) тыңдармандары да жылы қабылдады. Көркем топ орындаушыларының өнерінің, ізденістерінің бір жемісі – 1974 жылы «Қазақстан Ленин комсомолының лауреаттары» атағымен марапатталуы еді.

Ансамбльдегі музыкалық аспаптар саны мен сапасы уақыт өткен сайын өзгерді. Екі гитара (ырғақты және бас), саксофон, соқпалы бас-гитара мен электр орган қосылды, ып, соңғысы кейін Ionica-ға ауыстырылды. Шығармашылығының алғашқы жылдары «Дос-Мұқасан» вальс, танго, блюз, твисттен құралған репертуармен телевизиялық байқауларға шықты.

Бастапқы кезеңде политехникалық институт шеңберінде өткен шараларда, кейін халықаралық деңгейде де жеңіске жетті. Әсіресе, Будапешт радиосы ұйымдастырған «Дунай жағасында» халықаралық жастар лагерінде өткен ән фестиваліне қатысып, араб, үнді, болгар, чех, ағылшын және поляк студенттерімен бірге өнер додасына түсіп «Алтын гитара» атты венгр эстрадалық әндер Халықаралық байқауының лауреаты атағын жеңді. Бұл ансамбльдің тұңғыш шетелдік өнер көрсетуі еді. Халықаралық студенттік құрылыс командасы (ААК) ретінде достас Венгрия еліне барып, табыспен оралды.

1969 жылы ұжымының құрамына бас гитарашы Шәріп Омаров келіп, ансамбль репертуарын тез әрі тамаша игерді. Ал Алтынбек Үмбетов домбырамен күй орындап, көрермендерді тәнті етті. Сол кездері «Дос-Мұқасанның» жазбаларына күрделі электрондық дыбыс басқаруы жүргізілді.

Осы жылдары ансамбль мүшелерінің әрқайсысының ұжымдағы өзіндік орны нақтыланды. Бала жасынан мандолинде ойнап, ән салған Досым Сүлеев, кейін Кентау қаласының музыка мектебінің фортепьяно және баян класын бітіргендіктен, музыкалық сауаты бар әрі саксофонда, пианинода, басқа да музыкалық аспаптарды еркін меңгергендіктен, болашақ ансамбльдің репертуар таңдаудағы көркемдік сапасын қадағалады. Биік мақсаттарды көздеген ансамбль мүшелері тамыры тереңхалық әндерін өздері лайықтап құрды. Солардың ішінде бірінші өңдеулер Ұлықпан Сыдықовтың туындылары еді. Политехникалық институттың Автоматика және есептеу техникасы факультетін тәмәмдаған Ұ.Сыдықов өлең жазуды құмартып, әндерге мәтін жазумен машықтанды. М. Құсайынов бұл өнер ұжымындаәнші, домбыра мен гитарада ойнау міндетін атқарды.

Бастапқы тұста ансамбль алдында репертуар мәселесі туындағанда оның мүшелері қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндерін заманауи музыкалық өңдеумен жеткізуі мақсат етті. Бұл жолдағы басты қиындық – дәстүрлі қазақ әндерінің еркін әрі өте күрделі ырғақтық үлгісінде еді. Басында электронды аспаптармен халық әндерін эстрадалық кварта құрылымына бірден үйлестіре алмауы қиындық тудырды. Алайда, шығармашылық ізденістің нәтижесінде қазақ әндеріне тән далалық өмір салтынан із қалдырған монодия, бірнеше дауысқа таратылып, электронды аспаптар құралдарымен әрленіп, бірнеше дауыспен бір мезгілде ойнау үлгісінде, әрі бірқалыпты ырғақ сұлбасына өзгертіле өңделді.

Қазақ фольклорынан сусындап өскен әрі музыкалық сауатты Досым Сүлеев пен Мұрат Құсайынов, ұлттық әндердің өзіндік бояуын кетірмей лайықтап жеткізді. Халық әндерінің монодиялық табиғатын полифониялық бірнеше дауысқа таратып және электрогитара, саксофон және соқпалы аспаптарға партитура жасай отырып, ұлттық бояуын жоғалтпау міндетін алға қойып, олардың әуенділігінің музыкалық қырларын машықтай түсті. Қазақ халық әндері мен әуендерін өңдеуде жігіттер өзінің сара жолын табуы, олардың негізгі бағытын анықтады. «Біртіндеп олардың өз «досмуқасановша» орындау стилі әрленді».

«Дос-Мұқасан» ансамблі Қазақстанда бірінші болып «рок» стиль мен көне ән дәстүрін біріктірді. Олардың барлығы көркемдік деңгейі жоғары болмаса да, қазақ эстрадасында өзіндік орны мен келбеті бар. Яғни, «Дос-Мұқасан» Қазақстан эстрада өнерінде ел тәуелсіздігінің қалаушысы және кеңестік заманда өз халқының ұлттық сана-сезімінің оянуына септігін тигізген алғашқы ұжым.

«Дос-Мұқасан» қазақ халқының көмескі тартқан бай музыкалық мұрасын жаңарта көрсетуге үлес қосты. Ансамбль қызметі нәтижесінде жастардың сана сезімі оянып, патриотизм мен ұлттың қадір-қасиеті қайта жанданды. Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар әндері ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарының ырғақтарымен жоғары көркем дәрежеде, заманауи сұранысқа сай орындалды.

Топтағы халық әндерін өңдеушілер қазақ фольклорын репертуарға қосу үшін тыңғылықты танығандықтан да «Дос-Мұқасанның» сахнадағы жолы ашылды. «Дос-Мұқасан» ансамблінің табысы – қазақтың ұлттық әуенінің қаймағын бұзбай сақтай алуында болды. Олар Батыс музыкасына еліктеп кеткен жоқ. Заманға сәйкес жаңа ізденістерге барса да, өнердің ұлттық сипатын сақтауға ерекше мән берді. Сондықтан халық әндерін уақыт талабына сай өңдеп, жаңаша тұрғыдан ұсынуы табыстарының басты кілті болды. Уақыт өте келе «Дос-Мұқасан» кәсіби ұжымға айналды. Тұрсын Омарұлы Сәлібаев ансамбльдің кеңесшісі ретіндеұлтымыздың бойына сіңімді халық әңдерін уақыт ағымына үйлестіріп, сөз, ырғақ, бояуын бұзбай, көпшілік назарына ұсыну керек деген кеңес берді. Осы кезден күні бүгінге дейін «Дос-Мұқасан» репертуарының ұстанымы – қазақтың халық және кәсіпқой сазгерлерінің әндерін әлем жұртшылығына жаңа заманауи эстрадалық үлгіде таныстыру.

Алғаш өңделіп, эстрадаға бейімделген «Жайдарман», «Ауылың сенің іргелі», тағы да басқа халық әндері көпшілік көкейіне өшпестей ұялады.Осы әндерді электронды аспаптарға түсіріп, тыңдармандардың оларды ыстық ықыласпен қабылдауы ансамбль мүшелеріне қанат бітірді. «Дос-Мұқасан»

«бұрын қалтарыста жатқан дүниелерді елдің рухани игілігіне айналдырып, өнер адымына бастау, әрі халықтың жаңа бағытқа құлшыныс жасап, ұлттың рухын көтере, әлемдік деңгейге асқақтатату» бағытына ілесіп, репертуарындағы туындыларды орындауы ұлтымыздың ұлт ретінде дамуына есік ашуымен тұспа-тұс келді.

«Дос-Мұқасан» ұлт рухы үшін күресті. Ансамбль «РОМБ» (Романтика. Оптимизм. Махаббат. Білім) атты студенттік хабарға қатысып, ақын Қадыр Мырзалиевтың ақ батасын алды. Ташкент қаласында өткен Халықаралық Орта Азия фестивалінде жүлдегер атанды. Кейін Белоруссияда өткен кәсіпқой вокалды-аспаптар сайысында республика атынан қатысып, бас бәйгенің бірін жеңіп алды. Қазылар алқасының басшысы, әйгілі композитор Александра Пахмутова «Дос-Мұқасанның» кәсіпқой әншілігін, ұжымда ерекше серпін барын атап өтті. 1976 жылы «Дос-Мұқасан» тобы Америкада алты ай бойы жүз сексен концерт өткізіп, жергілікті қауымды өз өнерлерімен тәнті еткен. Ұжым Харьков, Кронштадта, Ленинградтық Балтық теңізі матростарының алдында, украин жерінде де бірнеше концерт берді.

«Дос-Мұқасан» кеңестік отаршыл идеология құрсауында жүріп ұлттық төл өнерді биікке асқақтатты. Қазіргі кезде ансамбль «Қазақ эстрадасының аңызы» құрметті атағын иеленді. Қазақстанда ВИА ұжымдарының іргетасын қалаған ансамбльге еліктеп әрі басқа бағытты дамытқан өнер ұжымдары аз болған жоқ. Солардың бірегейі – «МузАрт» ансамблі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close