Қоғам

ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚ ЭСТРАДАСЫНДАҒЫ ЭТНОФОЛЬКЛОРЛЫҚ ТОПТАРДЫҢ ДАМУЫ-3

Теңеулердің екінші тобы ән құрылымының ортасында, кеудесінде қолданылады.

Әннің осы тұсында ән әуені толқынды дамытылады, варианты неше алуан түрлендіріледі, оған әшекейлі иірімдер қосылып әуен нақышы ұзартылады.  Ондай  түрлендіруді  ән  мәтінінде  «мамырлау»;  «құбылу»; «түрлендіру»; «толқыту»; «бұралтып ән шырқау»; «әшекейлеу»; «ойнақтату»; «тамылжыту» деп атаған. Сондықтан әннің әуендік негізін түрленту бұлбұлдың сайрағанымен салыстырып отыру жиі кездеседі: «әнге сал түрлендіріп бейне бұлбұл». Әннің шарықтау шыңы да дәстүрлі ән мәтіндерінде өзіне ғана тән дербес дефинициясын табады. Мысалы, «самғау», «шырқау», «қалқыту» ұғымдары да әуелеп ұшқан құстың бейнесінен туындайды.

Қорыта айтқанда, қара өлең поэзиясы мифологияның эко- орталықтандырылған белгілерімен және аруаққа сеніммен тығыз байланысты. Әннің суырып салма табиғаты даму үдерісінде кеңістік белгілерінің басымдылығымен айқындалады.

Әнші дауысынан төгілген әуен саздың тоқтамас ағыны табиғат апаттарымен жиі салыстырылды Олар: жел, боран, дауыл, ән әуеннің толқынды дамуы, сел боп аққан, бағындыруға келмейтін қатты су тасқынына теңестіріледі. Дәстүрде әлемдік тәртіптің бұзылуы, әдеткі жағдайдан тыс оқиға, әсіресе жырдың орындалу уақытына тән.

Себебі ежелгі адамдар заманда жыр көмегімен табиғаттың дүлей күштерін басқарған тылсым дүниемен тілдесіп, аңшылықтың алдында рухтардан демеу және сәттілік беруін тілегені аян.

Осыдан көне түркі тіліндегі «тын» — және тыныспен байланысты сөздің түрлі нұсқаларыжел, желпу, аз желдету [120, 61 б.] әуендік иірімнің дамытылуына қарата, не болмаса жел сөз қаулау – суырып салма, әннің еркін дамуындағы алуан түрлі дыбыстарды құбылтып ала білу шеберлігін белгілейді:

«Көпшілік көкірегіме жел берген соң, Бұл тойды кім бастайды бізден басқа»;

«Белгілі  бұл  қазаққа  тілдің  желі,  Той  екен  жұрт  жиналған  мерекелі»;

«Домбырам мен сөйлейін пернесіне, Жел сөздің ерінейін мен несіне». Қара өлең мен жырда жалғасын тапқан «тын» көне мифологиялық ұғымы түркі тайпаларында   жан,   өмір   болмысы,   тіршілікті   білдірді.   Егер   ауа тербелісінен, қозғалысынан туындаған жел тыныспен байланыстырылса, өз кезегінде тыныс алу, дауыс пен ән салудың бастамасы, слухтың пайда болуымен қатарлас. «Тын бура» (көне түркі тіліндегі жел) оңтүстік Сібір түркілерінде бақсы жанына баланды.

Ән мәтіндеріндегі суға байланысты теңеулер көне түркі космогониясында жер асты әлемінің нышаны болды, бұл бейнелер де қара өлең мәтіндеріне тән: «өлеңді айт дегенде ағылтайық», «өлеңді айтса ақын ағытылар», «Бізге салған қолқаңыз өлең болса, Біз айтайық өлеңді төгілдіріп», «өлеңді айт дегенде ағып тұрмын». Әдетте су бейнесі саз өнеріне құмар тыңдаушылар қауымына қатысты қолданылады: «құйма құлақ», «құлақ құрышын қандыру», «көңіл толтыру», «өлеңге қанығу». Су теңеулері әннің орындалуына қатысты жиі кездесіп отырады: «жыр ағындау», «жыр құйылу», «ән құйылу», «ағызып ән кемесін», «ән нөсері», «әнге шомылу», «әнді төгілдіру». Олар жаратылыстың тұңғыш пайда болуы жайлы мифтерден туындады.

Демек, дәстүрлі поэзия орындаушылық өнер жайлы ұғымдар мен түсініктер жүйесін қалыптастырды. Халық поэзиясы өнерпаз-музыкант тұлғасын айқын бедерледі. Қара өлең мәтінінде сонымен бірге шығармашылық коммуникацияның алуан аспектілері қарастырылады. Және ұлттық музыкалық көркем ойлаудың өзгермес қалыптарының механизмдері де осы көне түсініктермен байланысы көрсетіледі. Саз өнері жайлы көне дүниетанымдық түсініктерге терең ізденістер жүргізу – мәдениетте өзгермес көркем-эстетикалық ұстанымдардың бар екенін дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Орындаушылық шеберлік белгісі ретінде ХІХ ғасырдың кәсіби әншілерінің ән мәтіндерінде орындаушылық мәнер мәселелері тереңдетіле әрі тиянақты талқыланады.

Тыңдаушы жұртшылықтың алдындағы өнерпаз өз аспабымен тұтастық құрап, әсересе әншінің кеудесіне (көкірегіне) мақам саздары үйіріледі, деген түсініктер тарқатылған: «Ән-күйге толы екен ғой омырауың»; «Өнері жігіттің кеудесінде». Сал-серілердің ән мәтіндеріндегі дыбыс шығару шеберлігі мен өзіндік мәнеріне, әсіресе дыбыс күші, сапасымен байланысты ұғымдарға жетекші орын беріледі. Дәстүр, орындаушылық жайлы қалыптасқан түсініктер жүйесінде өнерпаз адамның қоғамдық статусы және шығармашылық коммуникацияның түрлі мәселелері айқындалады.

Әсемдікті жарамды әннің міндетті сипаты ретіндегі түсінік сал-серілер мәтіндерінде табылған мына анықтамалардан көрінеді: «әсем ән», «әдемi ән», «сәндi ән», «сұлу ән». Әннің әсем келбетінің құрамдас бөліктері де дәстүрлі поэзияда жан-жақты қарастырылады.

Қазақтың кәсіби әншісі шеберлігінің міндетті қасиеті бар кеудені қамтитын терең тыныс ала білуі, халық ақындарының мына жолдары көрсетеді: «көкірегім кең сарай» деп атаса, екінші аса маңызды дағды ол жаттыққан, мықты, темірдей төзімді дауыс желбезегі. Оны: «жез таңдай, күміс көмей» немесе «көмекейі көсілген», деп бағалаған. Дыбыс шығарудың күші мен ұзаққа созылғыштығы, тыныстың тереңдігіне байланысты, деп түсінілді. Тыныс бірнеше түрге бөлініп топтастырыла қарастырылады. Терең тыныс –кеуде; орта деңгейлі тыныс: көкірек, таңдай, тіл мен жақ және дәстүрлі орындаушылықтың өзіндік қайталанбас қазақы мәнері көмеймен айтуды: тамақ, көмей, көмекейге бөлінеді.

Кәсіби әншілер поэзиясында дыбыстың сапасы ерекше тәптіштеледі. Жұмсақ еміренген, нәзік, шолжаң дыбысты ән иірімдері: «еркелеген ән», желдің самалындай аймалаңқы: «аз желдету»; енді бірде ащы, екпінді үнді, үздіксіз әрі созылыңқы, дамуы еркін дыбыстар: «еркiн дауыс», «зор дауыс» , «алты қырдың астынан ән шырқау», «аңырату», «айғай салу», «бар дауыспен ән шырқау», деген теңеулермен айқындалған. Дәстүрлі ортада әннің тыңдаушы көңілінен орын алуы орындаушыға байланысты, тек хас дарын иесі әнді құлпыртып, сәні мен мәнін нақышына жеткізе алады.

Кәсіби ортада кең тынысты, жоғары қарай өрлеп самғаған, жай әуесқойлар үшін орындалуы қиын, сол себепті кәсіпқойлар ұнататын әуендерге ерекше көңіл бөлінді. Ондай әуендердің биік әрі асқан шеберлікті қажет етуі сал мен серілер өлеңдерінде кездесетін мынадай сөз тіркестерінен байқалады: «әуелету», «көкке өрлету», «аспандап ән шырқау». Дыбыс алудың айрықша орындаушылық терминологиясы көмеймен орындаушылықтың алуан әдістері егжей-тегжей жеткізіледі: «ентелету» (адуынды дыбыспен айту), «бүлкілдету» (көмей қосып немесе вибрациялы дыбыс), «көмей бұлпылдайды» (көмеймен айту),

«дауысты ызғытып айдау» (құйын секілді дыбыс шығару), «дауыс сырғанау» (юбиляция). Ондай әуендердің кең тыныстылығын мынадай теңеулер айқындайды: «тасу», «әуелетіп ән шырқау», «асқақ ән», «өрлету», «шарықтату». Осы анықтамалар, әсіресе, Біржан сал және Әсет ән мәтіндеріне тән екенін ескерткен жөн.

Ән мәтіндерде әннің дамытылу құралдары мәселесі де орын алады. Дәстүрлі әнде даму ол бастапқы көркем ойдың басқаша өңдемесі болғандығын аңғартады. Бастапқы музыкалық ой түбегейлі өзгертілмей, басқа сапалық деңгейде түрліше өзгерістерге ұшырайды, өзгеріс әуенді әшекейлеу, кеңейту, иірім қоса түрліше безендірумен ерекшеленеді. Оны серілер: «ойнақтау», «құлпырту», «бұралтып ән шырқау», «тасу», «өрiм талды», деп атайды.

Бұл тіркестер әуендік дамуды өздігінен өзгеретін толқынды дамығандығын көрсетеді. Оған дәлел халық поэзиясында жиі қолданылатын белгілеулер:

«түрлендіру», «құбылу», бұл ұғымдарға әдетте сандық белгілерді қосып отырады: «он екі алуан түрлендіру», «тоқсан түрлі», «жүз құбылу», «мың құбылу». Бұл теңеулер әншінің дыбыс регистрі мен дауыс ауқымының ерекшелігін білдіреді.

Халық композиторлары дауыстарында осындай өзіндік ерекшеліктің барын, өз әндерінің мәтініне қосып айтып отырған. Өлең мәтіндерін жан-жақты зерттеудің маңызының зор екені оған берілген анықтамалардан байқалды, және осы бағыттағы ғылыми ойлардың бір арнаға тоғысуы оның қызметінің ерекше екенін көрсетті. Өлең сөздерінде берілген анықтамаларды сипатына қарай:

  • туыстық (шынжырлы тұқым);
  • тылсым дүние белгілері (арқасы бар, сурып-салма қасиеттер);
  • көне мифологиялық (тотемдік ұғымдар);
  • кәсіптік, орындаушылық ұстанымдар эстетикасы (әншінің статусы, шеберлігі, әншінің дауыс қуаты, дыбыс күші мен сапасы т.б.) деп жіктеп отырмыз. Жіктеуге дейін қазақ әндерінде әннің поэтикалық құрылымы, сөз ұйқасы мен айтылар ой маңызды шешуші рөл атқаратын, оның маңызын тереңірек талдап, мағынасын ашып көрсеттік.

Қазіргі Қазақстан эстрадасында жүрген кейбір топтардың негізгі ұстанымы айтар әннің мазмұнына тереңірек үңілуі, әуен-сазы халықтық негізге жақын болу. Осы бағытты берік ұстанған «МузАрт» ұжымының сахналаған барлық туындылары халық көңілінен шығып, елдің шынайы сүйіспеншілігіне бөленуіне жол ашты. Бүгінгі таңда осы түсініктер Қазақстанның заманауи өнер қайраткерлерінің эстетикалық ұстанымдарында жалғасын тапқанына көз жеткізуге болады.

Мәселен, көркем ұжым туралы түсінік Қазақстан эстрада өнерінің тәжірибелі әншісі, ҚСРО Халық әртісі, профессор Н.Нүсіпжановтың үздік ансамбльдік үйлесім туралы ойларынан да туындайды. Ансамбль ұжымы атақты әншінің пікірі бойынша әуездігілі жағынан айрықша әсер берді: «… екі дауыспен айтқанда ән ерекше құлпыра түседі. Қос дауыстың құдіреті көп: кейбір ән дуэтпен айтылып арман биігіне көтеріліп, жаңа бір қырынан көрініп, нұрланып, сұлуланып, мың құбылып кетеді, деген еді.

Әншінің шығармашылық тұлғасы мәселесі өте күрделі, арнайы зерттеуді қажет етсе де, бұл жайлы да бірнеше әншінің білдірген пікірлеріне тоқталайық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close