ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМ КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ
Түркістан жұртшылығының қарашаңырағына айналған Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді.
Екі күн бойы премьераны тамашалаған көрермен оң бағасын беріп жатты. Әрине, бір қараған адамға қойылым ауыр тиеді. Бастапқыда оқиға желісіне біраз кірісе алмай отыратыны рас. Біраз үнсіздіктен соң, драманы сезіне бастайсыз. Өйткені ерекшелігі де сол, сөзге дейінгі әрекет арқылы көп нәрсені ұқтыруға тырысады.
Аталған қойылымды «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі Мұқанғали Томановтың сахналаған. Режиссердің айтуынша қойылымның басты мақсаты әр адамды табиғат әлемін сақтауды бүгіннен бастап қолға алуға және жер бетіндегі барлық тіршілік үшін тек өзі ғана жауапты екендігін есінен шығармай, осы парызын орындауға міндеттейді. Бұған дейін режиссер Мұқанғали Томанов аталған театрда «Болмаған оқиға», «Жалғыздық» қойылымдарын сахналаған болатын.
Рухани әлемі мен мәдени өмірі таяқтың екі ұшындай егіз жаратылған қазақ-қырғыз халықтарының сабақтастығын нығайта түскендей XX ғасырдың орта шенінде «Адамзаттың Шыңғысы» атанған – жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы Айтматовтың «Жан пида» романы әдебиет көгінде ерекше құбылыс боп бой көтерді. Шығармада Шыңғыстың стиль жаңғырығы алдымен табиғат пен адам баласының арақатынасынан байқалады. «Ақыл иесі» деп аталатын адам мен жабайы, ойлау жүйесі төмен деп бағаланатын аң-құс, жан-жануардың ара салмағы авторлық таразыға түседі. Романда адам мен табиғат арасындағы қатынас Аққұртқа мен Тасшайнарды төңіректеп суреттеледі. Мойынқұм даласынан жапа шегіп, Ала-Мөңгі баурайына ауып келген кірме қасқырлар бұл маңнан да опа таппады. Қиянат қияннан келген жоқ, адамның ізі қалай пайда болды, сол маңда зұлымдық шіркін салтанат құра бастады. Осы арқылы автор адамның табиғатқа жасайтын жауыздығы мен зор қиянатшылдығын әшкерелегендей болады.
Қойылымда жабайы түз тағысы мен өркениетті дәуірдегі адамзаттың ойлау жүйесі, мейірім-шапағаты қос тізгінге қатар жегіледі. Алғашқы күні премьераны тамашалауға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады. Көрермен мисыз мақұлықтар бұзбаған табиғат заңдылығын екі аяқты, жұмыр басты пенденің аштықтан емес, тоқтықтан, адами құндылықтардың құлдырап, төменшік тартқанынан бұзып отырғанына көз жеткізді.
Театр ұжымын жаңа премьерамен құттықтай отырып, алдағы бастамаларына сәттілік тілейміз. Осылайша көрерменді мазмұнды дүниемен толықтыра берсін дейміз. Өйткені театр адамзатты тәрбиелейтін орын екені белгілі.