Қоғам

ЖЕТІСАЙ ДРАМА ТЕАТРЫ АЛМАТЫДА «ҚАРА ШЕКПЕН» ҚОЙЫЛЫМЫН САХНАЛАДЫ

Алматы қаласына Түркістан облысы мәдениет басқармасының Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры гастрольдік сапармен барды.

«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымын көпшілік назарына ұсынды. Спектакльге Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық құрамы , оқытушылары мен ардагер ұстаздар, ақын Бақыт Беделхан бастаған зиялы қауым өкілдері, Қазақстан Театрлар одағының өкілдері келіп тамашалады.

Алдын ала өткен баспасөз жиынында театр басшысы Орал Камал театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы таныстырды. 1968 жылы ашылған өнер ордасы шалғайда орналасқан, облыстық деңгейдегі бірден-бір театр. Содан бері 250-ге жуық түрлі бағыттағы қойылымдарды сахналап, көптеген жетістікке жетіп жүр.

Шығармашылықты нығайту мақсатында қос театр басшылары меморандумға қол қойды. Жетісай драма театры ұжымы  «Алатау» дәстүрлі өнер театрының Е.Нуртазиннің «Алатау FM» музыкалық комедиясын тамашалады. Жалпы сапар барысында тәжірибе алмасу және іскерлік байланысты нығайту мақсатында бірқатар кездесулер жоспарланған. Осы бағытта «Жас сыншының үні» студенттік-шығармашылық лабораториясында спектакльді тамашалаған студенттермен кездесу өткізіліп, өзара пікір алмасты.

Пьесада Тұзар атты иттің иесіне деген адалдығы баяндалады. Оны қасқырлар түрлі айлаға салып, жолдан тайдырмақ болады. Алайда ол айла торға топ етіп түспейді. Шопанға адалдығын жоймайды. Өміріне қауіп төнсе де ит иесінің мүлкіне де, өзіне де адалдықпен қарайды. Негізгі мазмұны – ит екеш иттің де өз қалыбынан айнымайтыны, өмірлік құндылығын жоймайтыны, сертіне адал болатындығы, адамға қапысыз қызмет етуі. Бір жыл бұрын премьерасы өтіп, әлі күнге дейін көрерменнің үздік қойылымына айналып үлгерген қойылым театрдың 55 жылдығы аясында көрерменге жол тартқан болатын. Басты рөлді актриса Жұлдыз Абдукаримова мен актер Шағуан Үмбетқалиев, Қылышбек Қасымбеков сомдайды. Режиссері – Жанбол Файзиев. Театрдың көркемдік жетекшісі – Ғалымжан Қаппаров.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close