Шығыс күйшілік дәстүріндегі ең ірі тұлға – қазақ күй өнерінің, оның ішінде шертпе күй саласының дамып, көркеюіне көп үлес қосқан Байжігіт күйші. Абылай- хан заманында өмір сүрген Байжігіт 300 күй шығарып күй перісі атанған. Байжігіт (шамамен 1705 жылы туған) өзіне дейінгі күйшілік, домбырашылық өнердің озық қасиеттерін бойына сіңіре отырып, оны жаңа белеске көтерген бірегей тұлға. Ар- тына мол мұра қалдырған өнер иесі Байжігіттің тәлім алған ұстаздарының бірі – Сары Нияз төре деген күйші адам екен. Байжігіт 13-14 жас шамасында киіз үйдің сыртында отырып, іштегі отырған, сол кезде елге атақты Сары Нияз төремен күй тартысқа түседі. Өзімен күй тартысқа түсіп отырған күйшінің орындаушылығына риза болып сыртқа шықса, жап-жас бала екендігін көріп қайран қалады. Осыдан бастап Сары Нияз Байжігітті шәкірт қылып домбырашылық өнердің барлық құ- пия сырына қанықтырыпты. Байжігіттің Қуандық деген шәкірті болған. Ел ішінде Қызылмойын Қуандық дейді екен. Байжігіттің күйлерінің барлығын тегіс тартып, өз жанын да күй шығарған Қызылмойын Қуандықтан заманында Кенжебай деген шәкірті болыпты және атақты Тәттімбеттен күй үйреніпті. Жаугершілік заман ты- нысы ғана емес, бейбіт тұрмыс лебізі де сезілетін Байжігіт күйлерінің тақырыбы әр алуан. Оның «Көкбалақ», «Қайың сауған», «Шаңды жорық» сияқты күйлерінен жаугершілік заманның елесі көрініс берсе, «Ерке атан» күйі мұңды тарихымен есте қалады. Семей өңірінің Шұбартау ауданының шегіндегі Бақанас, Балқыбек, Көксала өзендерінің бойында өмір сүрген күйші мұрасы Шұбартау, Аягөз өңірін- де сақталған. Біздің заманымызға Байжігіт мұрасының дені Жүнісбай домбырашы арқылы жетті. Байжігіт күйлерін жаздырып, насихаттап жүрген бүгінгі орындау- шысы – домбырашы Таласбек Әсемқұлов. Шығыс күйшілік дәстүрінің бір тар- мағы – Шыңжаң өлкесіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле күйшілік мектептері. Алтай аймағында қалыптасқан күйшілік мектептің көрнекті тұлғаларының бірі Бейсенбі Дөненбайұлы күйлерінің тақырыбы сан түрлі. Бежең (ел арасында осылай ата- ған) туындылары Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында, Монғолия- ның Баян-Өлгий өлкесінде және Қазақстанның шығыс өңірінде кеңінен тараған. Сонымен қатар, Алтай аймағында өмір сүрген Мүкей, Шақабай Шалап, Тайыр Белгібайұлы сияқты күйшілердің туындылары да біздің заманымызға жеткен. Тарбағатай өңірінде өмір сүрген күйшілердің ішіндегі айтулы тұлға – Қайрақбай Шәлекенұлы домбырашылығымен қатар, сыбызғышы да болған. Қайрақбайдың күйлері баласы Әнжан арқылы жеткен. Әнжанның баласы Заманбек заманында дәулескер күйші болыпты. Қайрақбайдың күйлерін Заманбектен Жұмажан дейтін домбырашы үйреніп, кейінгіге жалғаған. Сол сияқты Тарбағатай өңірінде болған Бәзғалам, Бейісбай, Масығұт, Кәсімбай Құсайынұлы, Қизат Сейітқазин, Қазен Әбуғазыұлының күйлері де бар. Шығыс күйшілік дәстүрінің бір бөлігі – Шың- жаң өлкесінің Іле аймағындағы домбырашылық дәстүр. Іле өңіріндегі күйшілік мектептің ірі өкілі – Әшім Дүңшіұлы. Арыдағы Қызылмойын Қуандық, берідегі Мазақ, Тілеміс, Тергеусізден бастап өз заманына дейінгі күйшілердің мұрала- рын үйреніп, ел ішіндегі ғасырлар бойы тартылып келе жатқан әуендерді мең- герген Әшім күй шертіп, күй шығарумен бірге, ел аузындағы, халық арасында- ғы күй аңыздарын жинақтап, жүйелеп тартқан өнерпаз, сондықтан болар, оның күйлерінің біразы («Самұрықтың зары», «Желмаяның желісі», «Бөктергі», «Қос келіншек», т.б.) ертедегі аңыз-әңгімелерге құрылған. Күйші шығармашылығын- да елеулі орын алатын – кеңес тақырыбындағы күйлер. «Алтын бармақ» атанған Әшім күйлерінің басым көпшілігі майталман домбырашы Камал Мақайұлы арқы- лы жетіп отыр. Сонымен қоса, Мазақ, Тілеміс, Әтіхан, Әбеуғали, Әліпбек тәрізді ілелік күйшілердің мұралары да сақталған.
Шығыс Қазақстан өңірінде көне архаикалық үлгідегі аңыз күйлер молынан сақталған. Әсіресе теріс бұрауда тартылатын «Шыңырау», «Аңшының зары», «Самұрықтың зары», «Ақсақ қаз», «Ақсақ марал» т.б. күйлер аңыз-әңгімелермен астасып жатқан көне жәдігерлер. Ал, XIII ғасырдан жеткен тарихтан белгілі ескі күйлердің бірі – «Ақсақ құлан». Қаһарлы Шыңғысханның заманының тірі куәсін- дей болып жеткен «Ақсақ құлан» күйі сол кездегі Найман тайпасынан шыққан ержүрек батыр, ақылгөй би, дәулескер күйші Кетбұға есімімен тығыз байланыс- ты. «Ақсақ құлан» күйі Қазақстанның Алтайынан Маңғыстау түбегіне дейінгі кең байтақ далада дерлік тартылып күні-бүгінге дейін жеткен. Баян-Өлгей қазақта- рында, еліміздің Шығыс Қазақстан, Семей, Сыр бойы, Ақтөбе, Орал, Маңғыс- тау өңірлерінде «Ақсақ құлан» күйінің көптеген варианттары тартылады. Күйдің аңызы бойынша Шыңғысханның баласы Жошының қазасын естіртуге байланыс- ты болса, кейде Жошының баласы өліп соны ханға естірткен болады. Кейінгі та- былған тарихи деректерге қарасақ Кетбұға күйші Шыңғысханның немересі Құла- ғу ханның әскери қолбасшысы болып, Мысырда қаза тапқан. Осыған қарағанда аңыздағы Жошыға баласының өлімін естіртуі шындыққа жақындайды. Әрине бұл тарихи тұрғыда нақтылауды, зерттеуді қажет етеді. Ал, Бағаналы Саятөлеков- тың орындауындағы «Ақсақ құлан» күйі әуендік жағынан өте қарапайым «Балаң өлді Жошы хан» – деген сөзді баяндау, естірту, негізіне құрылған. Күйдің әңгі- месі баласының өлімін Жошы ханға естірту жөнінде айтылады. Шығыс Қазақстан домбыра күйлерінің тағы бір бөлігі қазақ пен қалмақ шапқыншылығы дәуірінен көрініс беретін тарихи туындылар. Оған «Қорамжан», «Ащы күй», «Ана зары», «Сары өзен», т.б. күйлер жатады. Сонымен қатар авторлары ұмытылып халық- тық туындылар болып кеткен «Беласар», «Бұлғын-Сусар», «Балжыңкер», «Жал- қы жігіт», «Салкүрең», «Телқоңыр» сияқты аңыз-әңгімесімен, шығу тарихымен ерте замандардан жеткен халық күйлері өз алдына бір төбе. Шығыс Қазақстан күйшілік өнерінің бір бөлігі Шығыс Түркістан өңірінде дамыған. Алтай-Тарбаға- тай, Іле аймағына дейінгі аралықты қамтиды. Шығыс Түркістан күйшілік дәстүрі екі мектептен тұрады. Алтай және Тарбағатай күйшілік мектебі. Алтай күйшілік мектебі пентатоникалық үндестікке жақын, ал Тарбағатайлық күйшілік мектеп диатоникалық дыбыс қатарына құрылған. Алтай күйлері көбінесе құрылымдық жағынан көбінесе транспозициялық формаға құрылса, Тарбағатайдың домбыра күйлері әуендік, біртіндеп құбылмалы (вариациялық) даму жүйесіне құрылған. Алтай күй мектебінің өкілдері Бейсенбі, Шақабай Шалап, Мүкей, Тайыр Белгібайұлы. Ал, Тарбағатай күйшілік мектебіне Қайрақбай, Бәзғалам, Бейісбай, Кәсімбай т.б. күйші-композиторлар жатады. Шығыс Қазақстан күйлерінің ескі нұсқаларының сақталған аймағы Шыңғыстау өңірі – Абай елі. Қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың «Тор жорға», «Май түні», «Майда қо- ңыр» деген күйлерін белгілі күйші, зерттеуші Уәли Бекенов, Ғайса Сармурзиннен жазып алып жариялап, сонымен қатар орындап, насихаттап та жүрді. Сол сияқты Абайдың немере інісі болып келетін Шәкәрім Құдайбердіұлының да күйлері бар екендігі жөнінде кейінгі кездері айтылып жүр. Абайдың ақын шәкірттерінің бірі әнші – композитор Әсет Найманбайұлының «Кертолғау» деген күйін бізге Қытай Халық Республикасынан келген күйші Мұқаш Таңғытұлы жеткізіп отыр. Шығыс Қазақстан күйшілік дәстүрі күні бүгінге дейін үзілмей жалғасын тауып келе жа- тыр деп айтуға болады. Бағаналы Саятөлеков, Мәсіғұт Тәтенов, Тайыр Белгібайұ- лы, Кәсімбай Құсайынұлы, Уәли Бекенов, Қазен Әбуғазыұлы, Әділбек Атығаев, Мұқаш Таңғытұлы, Ұран Ақатайұлы т.б. күйшілердің шығармалары осы орындау- шылық дәстүрдің ізімен туындаған күйлер. Шығыс Қазақстан домбыра күйлері жөнінде академик Ахмет Жұбанов өзінің «Ғасырлар пернесінде» еңбегінде алғаш жазған болатын. Шығыс Қазақстан күйлерін жинақтап, зерттеп, тартып насихат- тау жолында күйші, зерттеуші Уәли Бекеновтың сіңірген еңбегі айрықша. Осы орындаушылық мектептің күйлері мен күйші-композиторлары туралы «Күй таби- ғаты», «Күй керуені», «Шертпе күй шеберлері», атты еңбектерінде көп деректер жазып, бірқатар күйлердің ноталық нұсқасын беріп елеулі еңбек сіңірген.