ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР ҰМЫТЫЛМАСЫН ДЕСЕК
Жалпы сапа дегеніңіз беріктік, төзімділік, үнемділік, көркемдік- эстетикалық, басқа да көрсеткіштерімен ерекшелінетін, белгілі бір рухани һәм материалдық қажеттіліктерді қанағаттандыру әлеуетіне ие қасиеттердің жиынтығы ұғымын білдіреді.
Қазіргі кездегі білім берудің сапалық компоненттерінің бірі – жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, мақсаткер, адамгершілік әдептеріне ие, жоғары қабілетті жеке тұлғаны қалыптастырып, жетілдіру екені баршаға мәлім. Ал сапаны бағалау немесе сынақ дегеніміз – жастардың қандай да бір іс-әрекеттерді болсын талапқа сәйкес жүзеге асыруға қаншалықты мүмкіндігі бар екендігін үздіксіз тексеру жүйесі.
Ежелгі замандарда-ақ қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауық түрлерін меңгеру барысында балалар мен жасөспірімдер әртүрлі жаттығулар жасау арқылы денесін шынықтырады, ой-өрісін дамытады. Халқымыз оларды бала тәрбиелеу ісінің басты құралы ретінде де пайдаланып, ұдайы жетілдіріп те отырды. Денінің шығу тарихы көшпенді шаруашылық қаракеттерден бастауын алады. Ойындардың басты тәрбиелік мәні мен маңызы – жас ұрпақты түрлі кәсіптерге, еңбекке баулу болды.
Ұлттық ойындардың ел арасында кең тарауына байланысты бір ойынның әр жерде әртүрлі тәртіппен ойналуы және олардың атауларының әртүрлі болып келуі жиі кездеседі. Осы жағдайды ескерер болсақ, ойындарды жүйелеу, топтау және атау беру мәселесі алдан шығары анық. Ерте замандардан бері адам өмірінің ажырамас бөлігі болып келген, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және олардың дене-тұлғасын дамыту ойындарына қатысушылардың қатты шаршап- шалдығуына жол беруге де болмайды. Белсенді, энергетикалық, көп қайталамалы, қозғалмалы ойындардағы іс- әрекеттер де алуан түрлі. Ойындарда бағыттың аяқ асты өзгеруі және қозғалыс кідірісі бар қысқа жүгірулер, қашықтыққа және нысанаға әртүрлі лақтырулар, кедергіні секіріспен, күш қолданумен жеңіп шығу, арнайы дене шынықтыру жаттығуларына даярлықтары үрдісінде меңгерілген алуан түрлі қозғалыстардың қолданылуы біліктілігін талап ететін барлық әрекеттер әртүрлі тіркесім мен үйлесімдер бойынша жүзеге асырылады. Қозғалмалы ойын ұжымдық сипатқа да ие. Оларды өткізуде мына төмендегідей бірқатар міндеттер көзделген.
Сауықтыру міндеті. Ойыншылардың дене шынықтыру даярлықтары мен жас ерекшеліктері ескерілген жаттығуды дұрыс ұйымдастыру кезіндегі қозғалмалы ойындар бойдың өсуіне, қозғалыс-тірек аппараттарының нығаюына және дамуына, адамдардың дене-тұлғасы дұрыс қалыптасуына, сонымен бірге ағзаның қызметтік функциясы жоғарылауына мүмкіндік береді. Ойындар барысында шамадан тыс бұлшық ет қуаттылығы мен тыныс алудың созылмалы кідірістері болмауға тиіс. Сауықтыру мақсатындағы қозғалмалы ойындарды таза ауада жыл бойы өткізу айрықша құнды: бұл спорт түрімен айналысушылар шыныққан үстіне шыныға түспек, ағзаға келіп түсетін оттегі көлемі де көбейе беретін болады.
Білім беру міндеті. Әлбетте, бұл ойын жеке тұлғаның қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Бұл талдау, салыстыру, жалпылау және қорытындылар шығару іскерлігі танылатын және дамытылатын саналы іс-әрекетке де жатады. Оның қозғалыс әрекеттері мен ережелері ойыншылардың нақты өмірдегі мінез-құлық туралы сенімдері мен ұғымдарын қалыптастырады, қоғамдағы, әсіресе адамдар арасындағы қарым-қатынастардың нығайтылуына көмегі бар.
Тәрбие беру міндеті. Қозғалмалы ойындар көп жағдайда дене қасиеттері (күш, жылдамдық, ептілік, төзімділік, икемділік) кешенді дамытылуына мүмкіндік береді. Тек осындай жағдайда ғана әрбір қозғалмалы ойын жан- жақты дене тәрбиесінің тиімді тетігіне айналдырылатын болады.
Күш қолдануды талап ететін ойындардың түрлері көп. Негізінен халқымыз күштілікті, ептілікті қажет ететін ойындарды ойнаған. Осы ойындар арқылы олар өздерін үлкен сайыстарға дайындайтын. Соңғы жылдары мұндай ойын түрлеріне мектептер, балабақшалар ұжымдарының айрықша ділгірлігі бар екендігі айқын сезіліп қалды. Тапсырыстар да көптеп түсуде. Сондықтан да құрамында М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік униыерситетінің оқытушылары Бекболат Шилібаев, Дархан Мінәрбеков және Жанар Ешеналықызы бар авторлық ұжым ұлттық спорт ойындарын ортамызға қайта оралту, жаңашылдықпен жетілдіру, жаңғырту жолында шығармашылық ізденіспен талмай еңбектенумен келеді.
Жалпы елімізде бүгінде ұлттық спорт ойынының 272 түрі бар. Олардың 12 -ісі – авторлық ойындар. Бір ғана асық ойынының мыңнан астам түрі бар екені айтылады. Алайда бәрінің шарты, ережесі жазылған бір де бір кітап жоқ. Ғаламтордан да мандырымды жауап ала алмайсың. Мерзімді басылымдарда жазылып жататыны болмаса. Сала мамандары бірқатарының мектеп бағдарламасына кірген ережесін жасап шықты. Оған «Ханталапай», «Хан ату»,
«Құлжа ату», «Құмар», «Қақпақыл», «Қаржу» немесе «Қаржымақ», «Төрт асық», «Бес тас», «Иірмекіл», «Омпа», «Бәйге», «Бес табан» т.б. ойын түрлері жатады. Асық ату ойындарының нақтылы зерттелгені 41-дің үстінде. Жоғарыда аталған «үштіктің» тарапынан бұрынырақта ойластырылған «Үш бас» асық ойыны 42-ші ретпен енгізілді. Бұл ойындарды негізінен жасөспірім балалар ойнайды. Яғни болашақ ел қорғайтын жауынгер жас кезінде асық ату арқылы мергендігін шыңдайды, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ержеткенде епті жауынгерге айналады. Қысқасы біздің «Ұлттық спорт» деп жүргеніміздің тарихи-этнографиялық маңызы, міне,осы.
Аталмыш авторлар үштігінің күшімен «Қазақ шаңырағы» топтық- командалық ұлттық спорт ойынының ережесі түзіліп, айналымға енгізілгенін де атап өткеніміз жөн. Бүгінде бұл ұжым ежелден бар ұлттық ойындарымыздың негізінде «Қазақ қырандары» аталатын ұлттық сапалық-сынақтық спорт ойынының ережелерін түзіп, мақсатын айқындап, сынақтан өткізу үстінде. Бұған дейін «Үш бас» ойынынан онлайн-жарыс ұйымдастырылған болатын. Ендігі жерде мұндай іс-шараны «Қазақ қырандарынан» да ұйымдастырудың мүмкіндігі бар. Бір отбасында екі бала болса жеткілікті. Ендігі жерде оны ұлттық ойын түріне айналдыруымыз керек. Айта кетейік, «Үш бас» бірқатар жиын- тойларда жұрт назарына ұсынылып, бильярдты, теннисті алмастыра да бастады. Қысқасы, оған жеген ел-жұрттың қызығушылығы жоғары.
Ал мына «Қазақ қырандарының» неліктен ұлттық сапалық-сынақтық ойын түріне жататындығына келетін болсақ, бұрыннан бар ұлттық жеті ойынның ең қиын жаттығулары оның түпнегізі етіліп алында. Яғни дәстүрлі ойындардың біразын біріктіріп, бір арнаға жинақтап, қазақыландырдық. Ондағы жүрістерді орындауға мектеп, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындары студенттерінің мүмкіндігі жете ме, жоқ па ол жағын да зерттедік. Тәжірибелік сынақтар да өткіздік. Осынау топтық ойын түрі бар- жоғы он минутқа ғана созылады. Алайда ұзақ, үздіксіз жаттығуды, дене мүшелерін ұдайы жаттықтыруды талап етеді. Аяқ пен қолдың, мойын мен омыртқаның буындары қоғзалысын қамтамасыз ететін, күш қолдануды, қырағылықты, дене күші, қасиеттерін (сапаларын) қажет ететін ойын. Бүгінгі таңда ғаламтор қиырларын кезіп, тек саусақтары ұшымен ғана жұмыс істейтіндіктен, қимыл- қозғалысы шектеліп, физикалық тұрғыда жетілмей қалып жатқан жасөспірімдердің күшін еселеуге зор септігін тигізетін осындай ойын түрінің қажеттігі айқын сезіліп те отыр.
«Қазақ қырандарының» құрамына күш қолдануды, қырағылықты, болмыстық, сапалық қасиеттерді қажетсінетін «Білек айқас», «Құс жүріс», «Қол тартыс», «Бел күрес», «Салмақ көтеру», «Иық итеріс», «Сынақ» секілді ойын түрлерін енгіздік. Бұл ойындардың оған қатысушыларға физикалық тұрғыдан зор пайда берері анық.
Жалпы ойынды ашық алаңда, спорт залында өткізуге болады. Ортадан сызық сызылады. Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді де сол ортадағы сызықта санына, бойларына қарай қатар түзеп тұрады. Ойынды жүргізу үшін екі топқа ортақ бір басқарушы (төреші) тағайындалады. Төрешінің берген бұйрығы бойынша ойын басталады. Ойынға қатысушылар айла-амал қолданып, алаңның ішінде жүріп, өз тобына жеңіс әкелуді қарастырады. Бірақ белгіленген межелі жерден шығуға немесе шатасуға болмайды. Ойын ойыншылардың дене күшін, жүгіру қабілетін жетілдіріп, денелерін шыңдап, денсаулықтарын жақсарта түседі. Бұл ойындар адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады.
Ойын төрешінің басшылығымен басталады және тоқтатылады. Егер ойыншылар бір-бірін жеңе алмаса бірдей ұпай беріледі. Спортшы жарақаттанған немесе киімі қолайсыздық туғызған жағдайда ғана жарыс тоқтатылады. Ойыншы ойынды жалғастыра алмаса ол ойыншыға жеңіліс жарияланады.
Ойын басқарушының берген командасы бойынша қатар түзеп сапта түрған ойыншылар оң жақ шетінен бастап қатар санын «бір, екі, »… деп сол жақ шетіне дейін санап шығады. Содан соң 1 санындағылар 1-ші команда, 2 санындағы ойыншылар 2-ші команда болып бөлінеді. Жарыстың спорт залда өткені дүрыс, өйткені зал сызықтары дайын. Мысалы: залдағы үш сызық, ортадағы шеңбер, оның тең бөлінгені. Осы шеңбер ортасында ойынның көп түрі өтеді. Жарыс бір-біріне қос қолдап сәлемдесуден басталады. Содан соң ойын төрешінің берген бұйрығы бойынша екі топ жарысқа түседі. Екі топтың мүшелері сапалық-сынақтық сайыстар арқылы бір-біріне, өз өнерлеріне сенімділікті үстеп, жеңіске деген құлшыныстарын білдіреді. Ойынды жоғарыдағыдай тәртіппен жүргізе беруге болады. Ойын қимыл бірлігін қалыптастырып, жеке, топтық іс-әрекетке тәрбиелейді.
Бүгінде ұлттық ойындарымызға аса көңіл бөлінбей отырғаны, тіпті кейбір ұлттық спорт түрлерінен айырылып қалу қаупі бар екендігі айтылып та жазылып та жүр. Өз жерімізде тұрып өзіміздің ұлттық ойындарымызды ұлықтай алмауымыз – өзімізге сын. Егер дер кезінде қолға алмасақ, ұлттық ойындарымыздың барлығы «қолды» болып кетуі де ғажап емес. Онсыз да, көкпарды қырғызға, ат үстіндегі полоны ағылшындарға, садақ тартуды Венгрияға «сыйлап» жіберген жайымыз бар.
Бүгінде елімізде орташа есеппен әрбір 130 – ыншы тұрғын ұлттық спорт түрімен айналысады екен. Аз ба, көп пе, оны өздеріңіз топшылай жатарсыздар. Дене шынықтыру мен спорт саласындағы басым бағыттардың бірі қазақстандықтардың дені сау ұлт болып қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл ретте бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасау аса маңызды.
Рас, ұлттық спорт ойындарын ортамызға қайта оралтудың тиімді тетіктері де жоқ емес. Қалай болғанда да ұлттық спорт ойындарының шын жанашыры басқа емес, өзіміз болуға тиіспіз. Баршаның күш жұмылдыруын қажет ететін бір игілікті іс осы.