КӨНЕ ТҮРКІ САРЫНЫНДАҒЫ АНСАМБЛЬДІК ӨНЕРДІҢ БАСТАУЫ
Еуразия кеңістігінде көшпелі өркениеттің дәстүрлі мәдениеті өнердің уақыттық түрлері, яғни, поэзия және музыка өнерлері қалыптасты және ол басты орын алады.
Көшпелі өркениетте сұрыпталған өнер түрлері қазақ халқының классикалық төл мәдениетін, ұлттық музыкасын (жыр, күй, ән) бекітті. Оның насихат жолымен таралымы жеке орындаушылық үлгіде жүзеге асты. Алғашында жеке орындаушылық негізде болған өнердің кейбір салалары уақыт өте ансамбльдік (топтық, ұжымдық) өнер көрсету үлгілерінде көрініс тапты. Осыған дейін жазылған зерттеу жұмыстарында ансамбльдік өнердің типологиялық ерекшеліктерін айқындаудың теориялық проблемаларын талдау ісінде ғылыми негізделген дәйектер жоқ. Осыған орай біз аталған тараушада ансамбльдің өнердің алғашқы қалыптасу кезеңдерін қарастырамыз. Бұл мәселенің негізін айқындауда екі ғылыми бағыт бойынша зерттеу жұмысын жүргіземіз: бірінші, көне түркі және қытай жазбаларына назар аударып, ансамбльдік өнер туралы қандай да бір мағлұмат табу, екінші, қазақтың музыкалық өнері, соның ішінде айтыс өнері саласын ғылыми-теориялық тұрғыда талдап қарастырамыз.
Әр ұлттың өнері, соның ішінде ән дәстүрі, елдің мақтанышы болып сарқылмас қазына ретінде тарихи-этникалық топтың игілігі және сол ортаның әлеуметтік ойы мен фәлсафалық зердесі, эстетикалық талғамы мен адамгершілік салауаты болғандықтан, рухани қазына қызметін атқарады. Оның барлық түрлері мен жанрлары адамдардың тіршілік ету тәжірибесіне орай пайда болып, екшеленіп, сұрыпталып, өңделу үдерісін бастан өткізетіні аян. Шыңжандық Қытай тарихшысы Н. Мыңжани «Қазақтың көне тарихы» атты еңбегінде қытайдың «Тайпин Хиуаниуйжи» топтамасының «Түрік шежіресі» атты тарауындағы деректерге сүйеніп: «түріктер бие сүтінен жасалған қымызды ішіп алған соң, ән шырқап бір-бірімен өлең айтысады. Күні бүгінге дейін жалғасын үзбеген біздегі ақындар айтысының осыдан мың жылдар бұрыңғы Батыс Түркі қағандығы дәуірінен бері келе жатқан дағдылы дәстүр екенін баиқаимыз», – деп жазған. Сол сияқты, топтық айтыстың жар-жар сарындарының түркі халықтарының ортақ мұрасы ретінде қабылдау өте көне заманнан бастау алған. Міне, осы үзіндіде баяндалған топтық айтыстың бір сипаттамасы олардың алма- кезек сайысуын көрсетіп отыр. Ерте заманнан бастау алса, топтық айтыстардың сайысы ұжымдық сипат алғандықтан заманауи ансамбльдік өнердің түп атасы ретінде қабылданғаны себепті.
Айтыстың жазба ескерткіштерінде ескі түрлерінің сипатталуы орта ғасырлардан бастау алады. Мәселен, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ат- түрк» атты кітабындағы «Қыс пен жаздың айтысы», Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы Күнтуды Елік (Әділдік), Айтолды (Дәулет), Өгдүлміш (Ақыл), Одғүрмыш (Қанағат) арасындағы сұрақ-жауап түрінде өрбітілетін талас- тартыстың үлгілері, сонымен бірге орта ғасыр ғұламасы Хожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикметінде» кездесетін ұжымақ пен тозақтың айтысы аталған өнер додасының нақты мысалы бола алады.
XVI ғасырдың көрнекті қоғам қайраткері әрі ғалымы Захираддин Мұхаммед Бабырдың «Аруз жайлы трактатында» түркі халықтарында кең тараған «өлеңгте» әр жолы (мисра) «яр-яр» қайырым сөздермен аяқталып отыратындығын ескертеді. Мұндағы әнді топтаса айту мәнері сол кездің ұжымдық санасын шынайы көрсетеді. Демек, ғасырлар қойнауынан қалыптасып жеткен Алдыңғы Азия халықтарының дәстүрінен туындаған кезекпен айту өнері, топтық өнер жарыстары, сол кездің дуалдік мифтік санасының айқын дәлелі бола алады.
О дүние мен бұл дүние, ақ пен қара, ер мен әйел, жоғарғы мен төменгі әлем, ай мен күн, жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, яғни, қайшылықтардан құралған тіршілік пен өмір, қоршаған орта жайлы түсініктерін осылайша тұжырымдаған алғашқы адамдар көпшілікке ортақ – әдет-ғұрыптарда сайыскерлік негізде жүретін әуендер арқылы жеткізді. Олар әр халықтарда әр түрлі аталғанмен, мән-мағынасы мен мазмұны үндес. Демек, ансамбльдік музыканың пайда болуының бір тармағы аталған халықтарда тараған ерте заманғы мұң-шер әуендер мен топтық айтыстардан бастау алды.
Адамның санасындағы мифтік жұптық тайталас (бинарная оппозиция) құбылысына арқа сүйеген байырғы замандағы айтыс қазақ пен түркі тектес халықтарда салтпен тұтастықта болғандықтан, қарама-қарсы әлеуметтік жіктердің өзара тартысына айналған рулық-тайпалық қоғамның айнасы болды. Кейін айтыс жеке жанр ретінде қалыптасқандығын М.Әуезов, М.Жармұхамедов, Е.Тұрсынов, Е.Ысмайылов сынды белгілі зерттеушілер дәлелдей түсті.
Міне, осындай ғасырлар қойнауынан жеткен ескі иірім-саздар бара-бара жанрлық сипат алып, әуелі әдет-ғұрып сарындардан көрінген еді. Кейін көне фольклордың тұрақты әуендік, саз интонация-әуендері ұлттық музыкалық тілдің тіреуішіне айналып, қызметі мен мағынасы тұрақталды. Осындай мәтін сөзбен мығым байланысқан сарынның алуан музыкалық белгілері қазақтың музыкалық фольклорының діңгегі боп сақталуда [2, 88 б.]. Соның ішінде ансамбль өнеріне алтын арқау болған әдет-ғұрып әндерінен үйлену салтында айтылған топтық айтыстар – жоғарыдағы пікірге нақты дәлел. М. Сильченко, С. Қасқабасов, Е. Гусев, И. Земцовский, Э. Алексеевтің еңбектерінің тұжырмдамаларымен келісе отырып, С.Күзембаева топтық айтыс сарындарының қосарлы (диффузность) мағынасына да назар аударады. Міне осыдан, көне айтыстар мен заманауи ансамбльдік өнердің бірінші қасиетіанықталады: «Бұл жанрларға тән кезектесіп айту формасы, театрландырылған ойын-сауықтық белгілердің болуы, дамыған композиция, тұйықталған құрылым мен ладо-тональдік дамуы ескі сарынын болашақта заманауи эстрадалық әуендердің түп қазығы боларлық етеді», – деп көрсетеді.
Аталған шығармашылық сайыстар бастапқы тұста ұстамды, ғибрат сөздерге негізделген, байсалды декламациялы мәнерде орындалды. Мұнда кездесетін диатоникалы трихорд фразалары басым түседі. С. Күзембаева тұңғыш рет кварта арақашықтығының топтық айтыс сарынының барлық деңгейінде көрінетіндігін байқады. Мәселен, кварта әуен интонацияларында, ладтың тірек дыбыстарының даму қисынында көрініп отыратындығын атаған. Демек, ескілікті сарын мен заманауи ансамбльдерді байланыстыратын екінші қасиет: бұл интонациялық кешен Қазақстанның замануи музыкалық эстрада әуендеріндегі даму жүйесінде аса маңызды роль атқарды. Әсіресе көп дауысты ансамбльдік өнерде дауыс жүргізу ерекшеліктері гомофонды гармонияға емес, қазақ аспаптарының теріс және оң бұрауларына негізделгендіктен, кварт-квинтаккордтарды қолданады. Бұл үрдіс Қазақстан музыка өнерінде ХХ-ғасырдың 50-70-ші жылдарынан бастау алады.
Сазгерлердің симфониялық (соның ішінде әсересе симфониялық күй жанрындағы), хор, операдағы ансамбльдік музыкадағы ортақ аккордты фактура бағытындағы ізденістері композиторларды қазақтың төл өнеріне қайшы келмейтін кварт-квинтаккордтарды қолдануға әкелді. Зерттеуші Г.Арикайнен, Г.Котлованың еңбектерінің тұжырымдамасына сәйкес мұндай музыкалық шешім ең алдымен ұлттық аспаптардың бұрауында жатқандығын атап өтеді. Кварт-квинтаккордтар дәстүрлі түркі және қазақ музыкасының бурдонды қос дыбыстылығынан алшақтамай, ұлттық дыбыс бояуына жақындататындығына көз жеткізеді. Сонымен бірге, осы интервалдар акустикалық тұрғыдан да таза шығатын үйлесімдер екендігін белгілі.
Отырықшы және көшпенді Алдыңғы Азия халықтарының музыкалық фольклорының басым бөлігі дәстүрлі кезеңнен бастап бірыңғай монодиялы ансамбль топтармен орындалғаны бүгінгі таңда ғылыми дәлелденген. Орта Азия халықтарының ХХ ғасырда ансамбльдік музыкасының пайда болуына ертедегі ән өнерінің топтық әдет-ғұрып сарындары әсер етті.
Көшпелі, отырықшы я жартылай отырықшы Орталық Азия елдерінде (қырғыз, түркмен, қазақ, өзбек, алтай, хакас, осман түріктері) халықтың ауызша тараған дәстүрлі музыкасы көне заманнан топпен кезек-кезек айтылған әдет- ғұрып сарындарда ерекше көрінген. Көптеген түркі халықтарында ортақ айтыс өнері әлі күнге дейін негізінен топтық түрдегі әдет-салт айтысы деңгейінде қалып отыр. Ұқсас құбылыстардың әртүрлі халықтардың мәдениеттерінде, түрлі тәсілдермен көрінуі, мүмкін осы мәдениеттерде қайталанатын үлгілердің терең туыстық байланысын білдірсе керек.
Айтыс өнерінің ұстанымы диалогтық түрде жүретін жанрлардың бірі болып саналады. Диалогтық жанрларды көптеген халықтардың мәдениеттерінен табуға болады. Фрейдтің шәкірті және ізбасарлары – Карл Юнг қайталанбас бейнелер мен сюжеттерді тапқан мифтер, армандар, транс күйлері, гипноз, медитация, шығармашылық ойлардағы бейсаналық көріністерді зерттеп, салыстырды. бір- біріне терең туыстық. Бұл бейнелер мен сюжеттер бір-бірінен алыс мәдениетте пайда болды, дәстүрлі өмір салты әртүрлі.