ҰЛТТЫҚ МУЗЫКАНЫҢ ҚАЗІРГІ ИНТЕРПРИТАЦИЯСЫ
Күні бүгінге дейін сақталып келген жалпы мәдени мұралар заманауи тұрғыда сахна төрінен жоғары кәсіби деңгейде жеткізілуі, қоғамның эстетикалық талғамын қалыптастырары белгілі.
Жоғары көркем сапада орындалған ән өнерінің ұлттық бітімін сақтап, олардың қазіргі мәдениеттің алтын діңгегіне айналуы музыка саласында еңбектеніп жүрген өнерпаздарға байланысты. Өнердің дамуындағы ағымдар мен дәстүрлер, олардың стильдік және даралық ерекшеліктері, бағыттары, орындаушылық тәсілдері мен сүйемелдеу құралдары және басқа да көптеген көркем құбылыстардың өзара қатынасын игермей, ұрпақтар арасында мәдени сабақтастық болмай, ұлттық мәдениеттің дұрыс бағытта дамуы да мүмкін емес. Заманауи әншілік орындаушылықтың көркем бағыты, оның әлемдік өркениет деңгейінде болуы, әннің мүмкіншіліктерін жан-жақты әрі терең ашып көрсетуді мақсат тұтып, оның әр алуан қайталанбас әрі әсем табиғатын түйсінуге ықпал етеді.
Қазақтың ұлттық музыкасы жыр, күй, ән өнерлерінен тұрады. Қазіргі Қазақстан эстрадасындағы этнофольклорлық ансамбльдер репертуары да осынау тереңде жатқан бағзы өнермен мазмұнды сабақтастық табады. Алайда еліміздің өнертану ғылымында қазіргі эстрадалық этнофольклорлық музыканың дәстүрлі музыкамен байланысы зерттеу нысанына ілікпеген. Осыған орай тарауша этнофольклорлық ансамбльдер шығармашылығында арқау болған өсімтал сипаттар мәселелерін қарастырып, оны анықтамақ.
Қазіргі қазақ музыкасында үлкен өзгерістердің бірі заманауи ансамбльдердің жыр өнерімен шығармашылықтарын дамытуы болып отыр.
Қазақ ұлттық музыка өнерінің ежелгі бастауларының бірі – жыр өнері халықтың биік рухани діңгегі. Жыраудың философиялық ой-парасаты, биік рухты насихаттаған өмірлік мол тәжірибесі – жыраулардың ұлт өміріне жақындығын, биік қоғамдық беделін байқатады. Олардың бүкіл қауымды ғибрат сөздермен әдепке үйретуі, тіпті әдеп нормаларын қалыптастыруға мүмкіндік беруі арнайы нысана ретінде бағдарлауды қажет етеді. Тарихи кезеңді қамтыған жырдағы баяндаушысы – абыздың терең, мағыналы толғаулары [96, 19 б.] көне түркі кезеңінен (VI-VIII ғ.ғ.) бастау алып, оғыз-қыпшақтық дастандарында (VIII- IХ ғ.ғ.) жалғасын тапқан. Ноғайлы (XIII-XV ғ.ғ.) дәуіріндегі ұлттың рухани азығы болып, ел жадында сақталған сол заманның атақты жыраулар поэзиясында, Қорқыт, Асан Қайғы, Қазтуған данагөй сөзері дәстүрдің биік шыңы XV-XVIII ғасырларға жетті. Кейін Шалкиіз, Доспанбет, Мұрын, Нұрым, Ақтамберді, Бұхар жырау, Үмбетей, Сүйімбай мен Жамбыл т.б. жыр алыптары толғауларының иіріміндегі тарих шежіресі, халықтың тұңғиық ой өрісін одан әрі тереңірек толғады. Ғасырлар қойнауынан жеткен жыр полистадиялы құбылыс болғандықтан, жырдың түрлерінен – ғашықтық дастан, қаһармандық жыр, тұрмыс-салт жырлары мен қатар бұқара халыққа ислам негіздерін түсіндіру белгілері орын алды, қиссалық жыр арқылы қазақ даласына Құран-хадис хикаялары, араб-парсы жырларының мазмұны [97, 129 б.], исламдық «кітаби әдебиет» тармақтарымен қоса, қожалар поэзиясы таратылды.
Орта ғасырдан бастау алған қазақтың жыр өнері қазіргі кезде бірнеше аймақтарға бөлініп, ел арасында жан-жақты насихатталуда. Әр мектеп жағрапиялық орналасуы мен қатар орындаушылық ерекшелігіне қарай: Маңғыстау жыраулық мектебі, Жайық жыраулық мектебі, Арал-Қазалы жыраулық мектебі, Кете-Шөмен жыраулық мектебі, Жетісу жыраулық мектебі, Ақтөбе жыраулық мектебі.
Аталған жыраулық мектептер бір-бірінен дауыс тембрі (көмей, таңдай, көкірекпен көмейді байланыстыра айту) аспапта қостап тарту (қағыс түрлері, пернелік, апплиукатуралық) ерекшеліктерімен де өзгешеленеді. Әсіресе жыраулық мектепте дауыс түрінде айрықшаланып тұрған Қызылорданың Арал тармағындағы «Мырзастың жыр мектебі» атауымен халыққа таныс Нұртуған- жыраудан тараған ізбасарлары және Қармақшы мектебінен өрнек қалдырған Жиенбай жырау мен ұрпақтары Рүстембек, Көшеней, Бидас және Ешнияз сал, Кете Жүсіптен жалғасқан Арал мен Қармақшының «маңырамалары» [100, 30 б.]. Бұл «маңырама» айту үлгісі күні бүгінге дейін үзбей жалғасын тауып келе жатыр. «Маңырама» түркі халықтарының оңтүстік Сібір аймағын мекен етуші тува, алтай, хакас халықтарында «хомей, «хай» аталған көмеймен айту дәстүріне өте жақын келеді. Бұл тувалықтарда «қарғыраа» деп аталады. «Қарғыраа» стилі көне заманда төменгі әлем рухтарымен байланысу міндетін атқарушы болып табылады. Сібір халықтарының бақсылары көмей дауысын музыкалық аспаппен бірге адамды емдеу немесе жыр айтуда орындаса, жырдың айтылған орны жердің кіндігі саналып, ал орындаушысы көмей дауысы мен музыкалық аспаптың көмегімен әлемнің үш қабатын (Жоғарғы, Ортаңғы және Төменгі) шарлайды деген түсінікте болды. Бұл стилді Сібір аймағын мекен етуші халықтар діни салттық жоралғыда пайдаланады. Қазақ халқының діни табыну дәстүрлеріндегі наным-сенімдерде дауыстап көмеймен айту дәстүрі орын алмаған. Тек діни табыну тұрғысынан дауыстап «Әруақ» шақыру сипаты орын алады. «Қазақ музыкасында аруақ шақыру жыраулық дәстүрдің алғашқы кезеңінде пайда болған» деп тұжырым жасайды зерттеуші Е.Тұрсынов. Зерттеуші жыр мен әруақтың көзге көрінбейтін тылсым байланысы бар екенін айта келе: «жырдың кейбір үлгілері аруақтарды жинап тілдесуде септігін тигізеді», дейді. «Әруақ шақыру» наным-сенім тұрғысынан туындағандықтан белгілі бір әуенге салып орындалмайды, бар болғаны қатты айғай шығару тәсілі арқылы орындалады. Көмейге салып орындалмайды. Көмеймен айту дәстүрлі музыкалық ортада жақсы орындалып жүр, қазіргі Қазақстандағы этнофольклорлық ансамбльдер «Тұран», «ХасСақ» «Хазар», «Қорқыт» және этно-фьюжн, этно-рок стиліндегі «Сатжан проджект», «Тиграхауд», «Magic of Nomads» сынды топтардың композицияларында көмеймен айту стилі біртіндеп көрініс тауып келе жатыр. Бұл үрдістің этнофольклорлық топтарда кеңінен өріс алуын байқаған музыкатанушы Т.Токжанов: «Жарты тонда кіші аздаған дірілмен айтылатын көмей әдісі («маңырама») Сыр бойының мақам саздарының әуендік негізі кең диапазонды қамтып (бас буыннан (кіші октава), сағаға дейінгі (екінші октава) аралықта, толғау, ән шақыру, жыр бастау жанрларында орын алады, бұлай айту үлгісін қазіргі этнофольклорлық топтар сахнада жаңаша кескін келбетімен көрініп, орындап жүр», – деп жазады. Көмеймен орындау этнофольклорлық ансамбльдерде белгілі бір кезеңде ғана орындалады. Яғни, шығармада толықтай басынан аяғына дейін орындалмайды. Бұл стилді аталған топтардың бірі көне заман үнін білдіру белгісі ретінде қолданса, басқалары шығарманы әрлеуші дыбыс құралы ретінде пайдаланады.
Этнофольклорлық ансамбльдерде көмеймен айту өнерінің көрініс табуы негізгі үш себебінен туындап отыр. Бірінші, этнофольклорлық ансамбльдердің басымы көне түркі сарынына жақын шығармаларды орындайды, көне түркі сарыны көмей, көкірек арқылы дыбыс шығаруға мүмкіндік береді. Екінші, шығармада өңірдің музыкалық ерекшелігін көрсету (Алтай-Тарбағатай аймақтарынан алынған шығармаларда жақсы байқалады, Хасақ ансамблінің орындауында «Қара жорға» композициясын тыңдаңыз), орындаушылық арқылы өңірдің мінезін беру, үшінші, шығарманың кейбір тұстары бір немесе екі қайтара қайталаудан тұрған уақытта түрлендіруші, әрлеуші құрал ретінде қолданады.
Сонымен Қазақстандағы этнофольклорлық ансамбльдерді Сыр өңірінің жыр орындаушылық ерекшелігі қызығушылық танытқан, ансамбльдердің көмеймен айту үлгісі сүйенуі діни салттық жоралғыда емес дәстүрлі музыканы жаңашаландыру бағытында қолдануларына негіз болып отыр. Тақырыбы мен жаңаша музыкалық тілдік жүйесі жағынан байланысқан ансамбльдік эстрадалық өнер тірегінің бірі–жыраулық дәстүр заманауи өнердің архаикалық келбетін айқындап, көркем мазмұндық сапасын да жаңартуда.
Жыр өнерінің бір тармағы болып саналатын терме, толғаулардың мақамдары бүгінгі эстрадалық өнердің алуан орындаушылық нұсқаларында жүзеге асуда. Насихат Сүгірұлы мен Қашаған жыр мақамдары және ХІХ ғасырдың кесек құбылыстарының бірі, сан салалы қырынан танылған тұлға – Махамбет Өтемісұлының терме, толғаулары, жыраудың көркемдік әлемі, болмысы, мән-мағынасы мен сыр-сипаты, бүкіл дәуір толғағын ән-өлеңімен жеткізген азаттық құдіретін «Тұран» этнофольклорлық ансамбль және эстрадалық интерпретациядағы «Алашұлы» вокалдық триосы орындауындағы
«Мен-мен едім, мен едім!» композициялары шебер жеткізеді. Дәулескер жырау әрі жауынкер өжет те өршіл, орақ тілді ақынның әуезді сазға өрілген «Махамбеттің термесін» сахна төрінен әр жылдары Ғ. Құрманғалиев, М. Төрешев, Қ. Рахимова, Қ. Орашева, Ж. Сәрсенғалиев, Қ. Бердіғалиев, С.Жанпейісова, М. Орашева, Қ. Кәкімов және басқалары құлаққа сіңімді, көңілге қонымды орындалғаны белгілі.